Маңғыстау облысында бас полицей тағайындалды

Ақтау. 17 мамыр. ҚазТАГ – Сағындық Аяғанов Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы болып тағайындалды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Сағындық Аяғановтың Маңғыстау облысы полиция департаментінің бастығы қызметіне тағайындалғаны туралы ақпаратты ҚазТАГ редакциясына құқыққорғау органдары да растады.
Жаңа басшыны жеке құрамға ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков таныстырған.
Сағындык Аяғанов бұған дейін түрлі басшылық қызметтерді атқарған. Соңғы рет Павлодар облысы ПД бастығының орынбасары болған.
Еске салсақ, 16 мамырда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевты қызметінен босатқан еді.
Бір күн бұрын – 15 мамырда Маңғыстау облысында ҰҚКД басшылығы ауысатыны белгілі болып еді. Бұл ақпарат өңірде «кадрлық тазарту» басталды-мыс деген хабар пайда болған кезде тарады, соның ішінде полиция департаментінің бастығы да ауысуы мүмкін екен.
Кейін белгілі болғандай, Маңғыстау облысы ҰҚКД бастығы болып Бақытжан Валениязовтың орнына Серік Әміров тағайындалған.

adimage