Маңғыстау облысында ирандық тауар өндірушілердің көрмесі ашылды

Ақтау. 21 шілде. ҚазТАГ  Маңғыстау облысында Иран тауар өндірушілерінің кәсіби көрмесі ашылды, деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
«Өздеріңіз білетіндей, Маңғыстау облысы мен Иран провинцияларының арасындағы өзара тиімді серіктестік қарым-қатынастарды дамыту жұмысы 2009 жылы басталды. Сол нәтижелердің бірі Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасының провинциялары арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды күшейтуге, бірлескен кәсіпорындар құруға және инвестициялар тартуға бағытталған бүгінгі көрме болды», - деп мәлімдеді Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев көрменің ашылуында.
Оның айтуынша, осындай тілдесім алаңқайларын ұйымдастырудың, сондай-ақ қос елдің іскерлік шеңберімен қоян-қолтық жұмыстың арқасында Каспий маңы өңіріндегі елдер арасындағы өзара іс-қимыл деңгейі өсе түседі.
«Иран Ислам Республикасымен қазіргі сауда-экономикалық қатынастар ирандық та, қазақстандық бизнес үшін де үлкен перспективаға ие деп есептеймін», - деп баса айтты өңір басшысы.
Атап көрсетілгендей, Мазандаран, Гүлістан, Тегеран, Тәбриз, Қорасан Рәзауи провинциялары мен Мешхед қаласын таныстыратын ирандық тауар өндіруші компаниялар төрт күн бойы мұнай-газ өнеркәсібі және мұнай-химиялық зауыт, ғимараттар құрылысы мен құрылыс жабдықтары, инженерлік-технологиялық қызметтер, автомобиль өнеркәсібі, ауыл шаруашылық көліктер және құрылғылар, тамақ өнімдері, жуғыш заттар секілді бағыттар бойынша өз сауда әлеуеттерін паш етпек.
Алдағы сәрсенбі, 22 маусымға, «Маңғыстау облысы мен Иран Ислам Республикасы провинцияларының инвестициялық мүмкіндіктері» атты екіжақты физнес-форумы өткізіліп, оның аясында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы мен Мазандаран провинциясының сауда, өнеркәсіп, шахталар және ауыл шаруашылығы палатасының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылады деп жоспарлануда.
Маңғыстауға сапары барысында Мазандаран провинциясы губернаторы Рабие Фаллах Желоудор бастаған ирандық бизнесмендер делегациясы өңірдің ірі кәсіпорны  «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағының, бірқатар өнеркәсіп нысандары мен Кендірлі демалыс аймағының қызметімен танысады.

adimage