Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас ХУДАЙБЕРГЕНОВ: ЗЕЙНЕТАҚЫЛЫҚ РЕФОРМАНЫ ӘЙЕЛДЕРДІҢ ЖАСЫН КӨТЕРМЕЙ-АҚ ЖҮРГІЗУГЕ БОЛАДЫ

 

Астана. 6 мамыр. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Зейнетке шығатын жастың көтерілетіндігін жариялаған үкімет нақты қадамдарға кірісті. Заң жобасы шұғыл түрде парламент мәжілісінде екі тыңдаудан өтіп, сенатқа келіп түсті. Әйлдердің зейнетке шығатын жасын көтеруден түседі деген пайданы – бюджетке де, әйелдердің өздеріне де – қуалағаннан басқа, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде аталған мәселе бойынша қоғамда «айтарлықтай алаңдаушылық байқалмайды» деп те мәлімдеді. Зейнетке шығар жасты көтеру лайықты қаріліктің жалғыз жолы ма және бюджетте келешекте туындауы мүмкін «тапшылықты» толтырудың басқа да жолдары бар ма? ҚазТАГ агенттігінің осы және басқа да сауалдарына Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Олжас Худайбергенов жауап береді.

 

- Зейнетақы реформасын әйелдер жасын 63-ке дейін көтермей де жүргізуге бола ма? Ол үшін бюджет шығындарын ескергенде не істеуге болады?

 

- Иә. Заң жобасынан әйелдердің зейнетке шығатын жасын көтеретін норманы алып тастауға болады. Қалғандарын – БЗЖҚ (біртұтас зейнетақылық жинақ қоры – ҚазТАГ), міндетті кәсіби зейнетақылық жарналар мен т.б. – қабылдауға болады. Зейнетке шығу жасын көтеру бюджет үшін айтарлықтай үнем бермейді – 10 жылда 365 млрд теңге үнемделеді, егер 2013 жылғы бағамен айтсақ.  

Бюджеттік шығынның артуы – атаулы нәрсе. Мысалы, Марченко (Ұлттық банк төрағасы Григорий Марченко – ҚазТАГ) 2023 жылға қарай зейнетақылық төлемдер $19,6 млрд немесе 3 трлн теңге болады деп айтқан. Ол дегеніңіз, 2013 жылы 1 трлн теңге деген сөз. Яғни, бюджеттің салыстырмалы параметрлері сол күйінде қалады! Жалпылама цифрларды келтіру дұрыс емес, егер өлшем талданып отырса, онда нақты қарау керек: одан қандай пайда болады. Ал бәрінің айтып жүрген үнемдеуі айтарлықтай болмайды.

Алдағы 10 жылда 1998 жылға дейін зейнетке шыққан зейнеткерлердің саны азаяды деп есептесе болар. Мен 2023 жылғы $19,6 млрд төлем керектігі туралы мәліметтерге күмәнмен қараймын. Тым болмаса, бюджеттің зейнетақыға шығының артып отырғаны осы жинақтау жүйесін енгізгендіктен болып отырғанын түсіну керек. Бұрындары мемлекеттік бюджет зейнетақылық жарналарды алатын да содан зейнетақы төлейтін, ал қазір ол жарналар ЗЖҚ-ларға кетіп жатыр, ал мемлекеттік бюджет зейнетақыны төлеуін жалғастыруда. Бұл қолдан жасалған тапшылық! Әу бастан-ақ алдымен бюджет біраз қиналатыны, ал кейін ол ауыртпалық азаятыны белгілі болған. Сондықтан зейнетақылық төлемдер көлеміне қатысты қазіргі жағдайды тым қиын деп көрсету дұрыс емес.

Ал зейнетақылық аударым жарнасының мөлшерін арттыру туралы айтсақ, оны Марченко емес, басқа адам айтқан. Ал Марченко оған қарсы болды және мен де онымен келісем. Мәселе, мөлшерлемені көтеру дегеніміз жинақтау үлгісінің іске аспай қалғанын білдіреді. Демек, зейнетақыны тек зейнетақылық жарна есебінен көтеруге болады, бірақ онда жинақтау үлгісі немен көмектесті? Ол аз десеңіз, мөлшерлеменің көтерілуі - халықтың төлеу қабілеттігінің төмендеп, тұтыну тауарларының сатылуының төмендеуін білдіреді. Ол екі көрсеткіш те қазірдің өзінде мәз емес.

 

- Сіз енді 10-20 жылдан кейін зейнетке шығар адамдар санының артуы мен бала туу азаюы себепті үкімет пен Ұлттық банк жаңадан зейнетке шығар жасты көтеру керектігі туралы мәселе көтеруі мүмкін деп ойлайсыз ба?

 

- Зейнетке шығар жасты ұлғайту мәселесін үш жағдайда көтеруге болады, ал ол алдағы 10-20 жылда бола қоймас. Біріншіден, ел ұзақ уақыт экономикалық өсімді басынан кешіріп, жұмыссыздық жойылып, жұмыс қолдары жетпей жатса. Сол кезде сырттан жұмыс күшінің келуіне шектеу азайып, егер өмір ұзақтығы мүмкіндік берсе, зейнетке шығу жасы көтеріледі. Ал бізде ресми жұмыссыздар саны 0,5 млн және өздеріне өздері жұмыс тауып жүрген 2,7 млн адамның ішінде нақты жұмыссыздар саны 1,8 млн. Сондықтан бізде ондай шарасыз-ақ жұмыс қолдары жетіспейді.

Екіншіден, айталық, өмір жасының ұзақтығы 5-10 жылға көтерілсе, онда зейнетке шығар жасты да көтеруге болады. Ал бізде, соңғы 10 жылда әйелдердің өмірінің ұзақтығы небары 1,4 жылға ұзарды. Алда да сондай болатын сияқты.

Үшіншіден, елде шынымен де ақша жетпей жатса. Онда мемлекет шұғыл шара қолданып, валюталық шығынды мейлінше қысқартып, қажет емес шараларға да шығынды азайтады. Ал бізде, ресми мәліметтер бойынша, экономикалық өсу қарқыны төмендеп, ал Ұлттық банктің резервтері сияқты көрсеткіштері артып келеді.

Егер осы үрдістер сақталса, онда енді 10 жылджан кейін де зейнетке шығар жасты ұлғайту қажеттігі туындамайды. Айтпақшы, қазіргі жағдай басқа салалардағы проблемаларға байланысты туындады. Мысалы, дағдарысқа дейін экономикалық өсім сырттан алынған қарыз бен мұнай долларларының есебінен толықтырылып отыр. Ал қазір сыртқы қарыздар күрт азайып, ал мұнай долларларының келуі тұрақтанды. Бұл жағдайда ең дұрысы - импортты алмастыру болып табылады, яғни, бүкіл елде тұтыну тауарларын – киім-кешек, аяқ киім, жиһаз, тағам, тұрмыстық жабдықтар мен т.б. шығаратын жобаларды іске асыру керек.

Меніңше, ҮИИДМБ (үдемелі индустриялы-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы - ҚазТАГ) екінші бес жылдығын осыған арнауы тиіс. Егер бұл жүзеге асса, онда ағымдағы экономикалық өсім көрсеткіштеріне кем дегенде 5% қосады. Алайда бұл міндетті шешуде бір мәселе бар - Ұлттық банктің ақша-несие саясаты. Қазіргі уақытта оның 5-7% шегінде қолжетімді мөлшерлемелер бойынша ұзақ мерзімді теңгелік несие ресурстарымен инвестициялық жобаларды қамтамасыз ету бойынша тетіктері жоқ.

 

- Ал алдағы бір-екі жылда бұл мүмкін бола ма?

 

- Үш ай да жетеді. Бәрі де Ұлттық банкке байланысты. Бірақ әзірге ол барлығы депозиттердің мөлшерлемесіне тіреліп тұр дейді. Шын мәнінде, бұдан басқа, өз экономикаларын ұзақ мерзімді несие ресурстарымен қамтамасыз ету үшін барлығы жүзеге асыратын эмиссия да бар. Ал бізде эмиссияны қауіпті жағдай ретінде көрсетеді, есесіне, нарықта долларларды сатып алу қажет болғанда ақша қажетінше басылып шығарылады. Әрине, депозиттер бойынша мөлшерлемелер төмендеуі тиіс, бірақ адамдар мұны тек ұзақ эконномикалық өсімге әкелсе ғана қабылдайды. Оның үстіне, депозиттер бойынша жоғары мөлшерлемелер - тек бөлек азаматтар үшін жергілікті ұтыс қана, ал ұзақ мерзімді жоспарда бұл экономика үшін де, тұтастай халық үшін де жағымсыз жайт.

 

- Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов зейнетке шыққанша жеткілікті сома жинау үшін көбірек ақша төлейтін жұмыстарды іздеуге кеңес береді …

 

 - Жалпы, мемлекеттік билік өкілінің позициясы адамның таңдауын құрметтеу керек: азамат қандай мамандықты таңдаса да, ол мемлекетке керек! Ал егер бұл таңдау адамды лайықты зейнетақымен қамтамасыз ете алмаса, демек, азаматтардың таңдауында емес, мемлекеттің экономикалық саясатында бір гәп бар! Оның үстіне, азамат бұл таңдауды көбіне айналадағы жағдайларға қарап жасайды. Және қолдан келмейтінді жасағандарды мысал ретінде келтіру орынсыз, өйткені, олар әр мемлекетте саусақпен санарлық қана.

 

 - Елуден асқандарды жұмыспен қамтуға көмектесетін кешенді жоспар мәселелерді шеше ала ма?

 

- Жоғарыда атап өткенімдей, қазіргі уақытта елімізде 0,5 млн-ға жуық ресми жұмыссыздарды және 1,8 млн өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды тартуға болады, сондықтан бұл бағдарламаны жүзеге асыру осы адамдардың жалпы санының төрттен бірінің ғана қажеттілігін қанағаттандырады. Бұл уақыттың ішінде халықтың да көбейетінін ескеру керек. Ал жүзеге асырылуына келетін болсақ, 2020 жылға дейін әлі 7-8 жыл барын ескерсек, бұл жоспарды орындауға болады.

 

- Адамдардың Қазақстанға қарағанда әйелдердің зейнетке шығу жасы төменірек елдерге  кетіп қалуы мүмкін бе? Мысалы, РФ, Украинаға немесе Беларусь еліне, онда әйелдер 55 зейнетке шығады.

 

- Бұлай болуы екіталай. Бұл да уақыты жағынан да, ақша жағынан да шығынды үрдіс. Тек зейнеткерлік жастың көтерілуінен тұтастай алғанда, басқа елдерде жақсы өмір сүру перспективасы көбірек екеніне сенімі артқандар ғана кетуі мүмкін.

 

- БЖЗҚ құрудың қандай тәуекелдері бар? Бұл бірнеше ЖЗҚ-ның орнына бөлек эмитенттердің акцияларының үлкен пакетін әп-сәтте сатып жібере алатын алып пайда болуы жергілікті қор нарығына қалай әсер етеді?

 

- Айтарлықтай тәуекелдер жоқ деп ойлаймын. ЖЗҚ барлығы «есептік» және «инвестициялық» екі қызмет атқарды. БЖЗҚ құру «есептік» функцияны біріктіруді қарастырады - қор тек зейнеткерлік шоттарды әкімшілендірумен ғана айналысатын болады. Бұл әкімшілік қызметкерлерді ұстауға, маркетинг, ІТ-инфрақұрылым және тағы басқаларына барша зейнетақы реформасының қайталанатын шығындарын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал инвестициялық функция сақталады, бірақ бұл үшін ЖЗҚ басқарушы компаниялар болып өзгереді. Жалпы алғанда, активтерді басқару үшін Ұлттық банк жауапты болады, ал басқарушы компанияларға зейнетақы активтерін ары қарай басқару үшін оларға қолжетімділік ұсынылатын болады. Егер бұл конструкция өзгерсе және басқарушы компанияларға рұқсат берілмесе, онда бұл дұрыс болмайды.

 

- Егер зейнетақы реформасы табысты аяқталмаса, қазақстандықтарға қандай кеңес бересіз: акциялар, жылжымайтын мүлік, жер сатып алу керек пе, әлде жеке іске немесе басқаларына ақша салған дұрыс па?

 

 - Әркімнің жағдайы әрқалай, және оларды білмей нақты кеңестер бергенім ағаттық болар. Әр адам қолынан келетін іспен айналысуы тиіс.

 

- Сұхбатыңызға рахмет!


adimage