Макроэкономикалық зерттеулер орталығының директоры Сара АЛПЫСБАЕВА: 2014 ЖЫЛЫ МҰНАЙ БАРРЕЛІ $80 БОЛҒАНДА, ЖІӨ 1,5% ҚҰРАЙДЫ


Астана. 27 қараша. ҚазТАГ – Жанболат Мамышев. Қазақстан билігі мұнайдың жоғары бағасы мен Қашаған зерттеуіне сенім артып, жақын жылдары экономика өсімі бойынша оңды болжамдар жасауда. Бірақ республика экономикасы интеграциялық процестер мен басқа факторларды есепке ала отырып, қандай қауіптерге тап болуы мүмкін? Бұл туралы ҚазТАГ тілшісіне экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі жанындағы макроэкономикалық және қолданбалы экономикалық-математикалық зерттеулер орталығы «Экономикалық зерттеу институты» АҚ директоры Сара Алпысбаева әңгімелейді.

 

- 2013 және 2014 жылдардағы Қазақстан ЖІӨ өсімі және макроэкономикалық өлшемдер бойынша базалық және теріс сценарийге сәйкес сіздің болжамдарыңыз қандай? Пессимистік сценарий шындыққа айналуы мүмкін дегенді сіз қалай бағалайсыз?

 

- Біз экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі әзірлейтін болжамдарды жүргіземіз. Мен оларды барынша шындыққа сәйкес келеді деп ойлаймын: мұнайдың орташа жылдық бағасы $100/баррель болғанда, 2013 жылы және 2014 жылы 6% өсім. Биылғы жылы үш тоқсан бойындағы ЖІӨ өсімі 5,7% құрады. IV тоқсанға үлкен үміт артылуда. Биыл ауыл шаруашылығы өте жақсы өскенін есепке алсақ - 6% маңайында, және экономикаға салынатын инвестициялар да біртіндеп өсіп келеді, бұл өте жақсы көрсеткіш. Өткен жылдары, өсім біршама жақсы болғанына қарамастан – 7-7,5%, инвестициялар қарқыны әлсіз болды, ал болашақтағы өсімнің әлеуетін инвестициялар құрайтыны белгілі. Белгілі бір уақыт аралығында, айталық, бір жылдан соң, біз бұл нәтижелерді көреміз. Инвестициялар болмаса – өсім де болмайды. Егер кенеттен алдын ала көрінбеген жағдайлар болса, не болады? Пессимистік болжам: $80/баррель, онда өсім 2%-дан аз болады.

 

- ЖІӨ өсімі 2%-дан кем болады, сонда нақты қанша: 1% ба әлде 1,5% ба?

 

- Бәлкім, $80/баррель болғанда, 1,5%.

 

- Республика экономикасы үшін келесі жылы қандай үлкен қауіптер көріп тұрсыз?

 

- Егер әлем дағдарыстан шықпай немесе өте баяу қозғалатын болса, онда бұл әрине біздің экспортымызды тежейді. Яғни, әлемде шикізатты аз пайдалана бастайды. Бұл бәлкім, басты қауіп. Тіпті, егер шикізат бағасы әрі-сәрі болса да, сұраныс түсетін болады, мәселен, Қытай немесе Еуропа біздің экспорттың басты тұтынушылары ретінде баяуласа, онда бұл жағдайда, әрине, үкіметке қосымша шаралар қабылдау қажет. Экономика өсіміне ықпал ететін төрт басты агент: бұл өз сұранысын ұлғайта алатын мемлекет; егер еңбекақы, зейнетақы, кірістерді көбейтсе, үй шаруашылықтары; инвестициялар өсімі мен сыртқы сұраныс есебінен жүзеге асырылатын бизнес. Егер сыртқы агент төмендесе, онда оны инвестициялардың, ішкі тұтынудың ішкі қарқынымен толтыру керек. Бізде бюджет жартылай кепілдендірілген трансферттер ретінде Ұлттық қордан келетін қаржы есебінен жасақталады. Өсім баяулаған кезде инвестициялардың жетіспеушілігін толтыратын мақсатты трансферттер пайда болады.

 

- 2013 жыл бойы теңгенің «жұмсақ құнсыздануы» байқалды. Осы бағдарды келесі жылы сақтауға бола ма?

 

- ХВҚ анықтамасы бойынша, девальвация ұлттық валютаның қандай да бір зәкірге, айталық долларға қатысты белгіленген бағыт ұстанатын мемлекеттерге ғана қолданылады. Бірдеңе болғанда ғана олар бағамды ауыстыра бастайды. Бізде ол құбылмалы. Ұлттық банк нарықтық процестерге қатты араласпайды. Теңгенің әлсіреуі немесе күшею процесі ішкі және сыртқы факторлардың нарықтық саласында жүріп жатыр. Девальвация термині халықтың санасында дау-дамай тудырады да, «Қазақстанда девальвация басталды» деген тақырыпты көрген олардың есі шығып, банкке жүгіріп, соңғы теңгесін ауыстыра бастайды. Сондықтан, меніңше, нарықтық процес жүріп жатыр. Қазақстан – ашық шағын экономика, сондықтан әлемде болып жатқан оқиғалар әрине, біздің экономикаға да ықпал етеді. Үкімет пен Ұлттық банк бұл процестерді бизнес пен халық үшін жұмсартуға тырысады, бірақ бізде шұғыл өзгерістер жоқ. Егер ауытқулардың соңғы дәлізін қарасақ - – Т150-153 ($1 үшін - ҚазТАГ), мен мұны сұмдық деп ойламаймын. Бұл сыртқы шарттардың өзгеруіне қатысты реакция.

 

- Егер мұнай баррелі $80 дейін құласа, онда Қазақстандағы теңгенің долларға бағамы қандай болады?

 

- Ойланбай бірден айта алмайсың, бірақ теңге әлсіреуі мүмкін. Менің нақты айтуға батылым жетпейді. Ешқандай да цифрларды атамаймын. Мұнай бағасы бұлай болуы мүмкін емес, бірақ үкімет өзі үшін осындай сценарийдің де болуы мүмкін екенін ескеріп қоюы керек. Егер резервтер Ұлттық банк келешекте белгілі бір шектің ауысуын көретіндей осындай деңгейге дейін жойылса, онда ол девальвация жасау керек. Қазір жеткілікті резевтер бар, олар жетпейді деген еш қауіп жоқ, онда бұл бір қарбаластықтарды реттеу болады. АҚШ-тың техникалық дефолты болады деген ой келгенде, біз де өзіміз үшін қорытындылар жасай бастадық. Біз Қазақстан үшін салдары қандай болатынын сараптап отырсақ та, АҚШ-тың техникалық дефолтының болуы мүмкіндігі төмен деп есептедік.

 

- Бірақ бізде америкалық қазыналық міндеттемелердегі валютаның өте үлкен көлемі бар...

 

- Дәл солай. Бірақ біз неге мұндай мүмкіндіктің (АҚШ дефолты – ҚазТАГ) өте төмен екенін айтамыз? Бұл бүкіл әлем үшін апат болады. Қазақстан бәрінен де қатты зардап шегетін ел емес. АҚШ, ЕО елдері бірінші кезекте құлайды, бұл экономикалық құрдым болмақ. Тіпті әлемдік рейтингілік агенттіктер АҚШ рейтингісін төмендеткен жоқ, себебі әлем мұның болуы мүмкін емес қадам екенін және оның тек 2007-2008 жылы болған апат сияқты екенін көріп отыр. Сондықтан, есепке алу керек, дайындалу керек, бірақ мұның ықтималдығы өте аз.

 

- Бізге не істеу керек: алтындағы резервтер үлесін өсіру керек пе әлде Қазақстанның экономикасына ақша салу керек пе?

 

- Мен алтынның үлесін арттыру керек деп ойламаймын. Мүмкін, бір кен орындарына салуға болар, өз қағаздарын әртараптандыруға болар, яғни (құнды қағаздарды пайдалану – ҚазТАГ) АҚШ-тың ғана емес, басқа елдердің де. Әртараптандыру қиын, себебі бұл елдер өзара байланысты. АҚШ-та бірдеңе болса, бұл Қытай мен Еуропалық одаққа әсер етеді, себебі Ұлттық қордың активтерін қалай әртараптандыру керек екенін айту қиын.

 

- Қазақстанды Кедендік одаққа қатысудан орасан зор пайда алушы деп айтуға бола ма?

 

- Барлығы жаман деп айта салуға болмайды. Бұл күрделі процес. Еуразиялық экономикалық комиссияның министрі Тимур Сүлейменов- экономиканы өте жақсы білетін, өте білімді кәсіби маман. Ол интеграция жолындағы бар қиындықты көріп отыр. Еуразиялық комиссия да интеграция жолынан 700 кедергіні тауып, осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Интеграция бір мезетте бола қалмайды: 2010 жылы 17 келісім шарт қабылдадық және бітті, біз өркендейміз! Мүлде олай емес! Ресей – көп аймағы бар үлкен ел және барлық адам санасы мен губернаторларға интеграция бір ел үшін ғана емес, ортақ пайда алуды көзейді дегенді тез жеткізу қиын. Адам санасындағы интеграция процесі түсінігі өзгермейінше, осылай жылжымай тұра береміз. Қазір сатудан алынатын салық, Қазақстан мен Ресейден келетін алкогольды өнім мен тағам өнімдері жолындағы кедергілер туралы көп айтылады. Оларды жою керек деген дұрыс, себебі бұл кедергілер аймақтар деңгейінде пайда болуда. Мәселен, 2012 жылдың қаңтарында қабылданған, Ресейдің көмір өнеркәсібін 2020 немесе 2030 жылға дейін дамыту бағдарламасын оқып отырып, онда Ресей энергетикасын Екібастұз көмірінен Кузбасс көміріне ауыстыруды ынталандыру туралы бағам бар. Бұл мені қайран қалдырады. Бұл іске асуы тиіс мемлекеттік құжат, бірақ егер Ресейдің 6 электр станциясы Екібастұз көмірімен жұмыс істесе, ол қалай іске асуы керек. Біз Екібастұз көмірін қайда жіберуіміз керек? Бұдан басқа, бұлардың технологиялық процестерінің өзі Екібастұз көмірін пайдалануға құрылған. Бұл электр станциялары технологиялық процесті қайта құрмай – ал бұл үлкен инвестициялар – Кузбас көмірін пайдалана алмайды. Яғни, интеграциялық бірлестік әлемдік нарықта күшті болуы үшін оның барлық мүдделерін есепке алып, оңтайлы ағымдар мен ресурстарды пайдалану қажет. Ал, өзіміздікін нашар болса да, пайдаланамыз деп емес.

 

- Осы үштіктің үлкен қатысушысына өз мүддесін қорғау жеңілірек, себебі Ресейде көлемді ішкі нарықта жаппай өндірілетін өнімнің құны Қазақстандағыға қарағанда төмен болады...

 

- Әлбетте. Өте көп кедергі бар. Бұл бір күнде шешіле салмайды, себебі әркім өзінің тар ауқымдағы жергілікті мүддесін қорғауға тырысады. Сондықтан барлығын келістіру үшін бізге әлі өте үлкен қиындықтарды шешу керек.

 

- Біз Ресей қалаларында қазақстандық өнімнің тұрғанын қашан көреміз? Мысалы, қазір Астана дүкендерінде Ресей өнімдері тұрғандай...

 

- Мен сізбен келісемін. Иә, статистика бойынша қарасақ, соңғы уақытта сауда тепе-теңдігі бұзылып барады. Ресеймен арадағы Қазақстанның сауда айырмасы өсіп барады.

 

- Демек, олар әлден пайда көріп жатыр ғой?

 

- Көрмейсіз бе, әр ел өзінше жылап жатыр...

 

- Бірақ біздің РФ-қа жасаған экспортымызға қарағанда олардың экспортына шығарылған өнімнің үлесі көп...

 

- Сандар бір басқа, бірақ оларды қалайша дұрыс түсіндіру керек. Жақында Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық экономикалық комиссияның конференциясы болды. Мен онда осы мәселені көтердім. Бізге 170 миллиондық нарық ашылатыны туралы ұран әзірге көп дақпыртқа толы. Онда Қырғызстан жағы ұйымға кіргенде, олардың елі үшін қандай пайда болады деген сұрақ қойды. ЕЭК министрі Татьяна Валовая 170 миллиондық нарық болады деп жауап берді. Сонда мен Қазақстан үшін де осындай дақпырт болғанын айттым, бірақ, өкінішке орай, бұл нарық әлі күнге дейін Қазақстан үшін ашылған жоқ. Әрине, бұл Ресейдің ғана кінәсі емес, бұл нақты экономикалық процес. Ресей нарығы бөлініп қойылған және оған кіру өте қиын. Топтасу керек. Бұл жерде кәсіпкерлер ұлттық палатасынан, мемлекеттік органдар тарапынан үлкен іс-әрекет қажет. Бір шағын бизнес қана шықпау үшін, біздің бәріміз бірге жасайтын, әдемі ұранның аясында жалпы қазақстандық марка болуы керек. Айталық, үкімет пен ұлттық палата алға жылжытып, ЕЭК бақылайтын ортақ атауы бар кәмпиттер, тамақ өнімін шығару керек.

 

- Қазақстандық тауарлардың КО нарығына шығуы бойынша мәселелерді шеше алатындай немесе ҚР-дағы Ресей импортына қатысты қарымта шаралар енгізе алатындай ма?...

 

- Бұл енді сауда соғысы болады. Сұрақтарды өркениетті түрде шешу керек. Бұл тұрғыда жанкешті жұмыс керек. Және мына мәселеде, мәселен, әрекеттердің дұрыс еместігін дәлелдеу қажет.

 

- Ал басқа жақ осылай жасауды жалғастырса ше? ...

 

- Онда жұмыс істеуді жалғастыру керек, себебі біз бұл интеграциялық бірлестікке кірдік қой.

 

- Біз шығып кете аламыз ба? Теориялық тұрғыда...

 

- Бұл таза теориялық тұрғыда, ал РФ және Беларуссиямен интеграция – салмақты қадам болды. Қазақстан – теңізге шығатын жолы жоқ ел, сондықтан Ресей арқылы теңіз жолдарына шығу үлкен мүмкіндік береді. Бірақ барлық қиындықтарды жою үшін үлкен жұмыс күтіп тұр.

 

- Қазақстаннан басқа да теңізден көп алшақ жатқан кейбір елдер, мысалы, Өзбекстан өз экономикасын жыл сайын 8-9%-ға ұлғайтып жатыр. Және Кедендік одақсыз...

 

- Білесіз бе статистиканы өте алдамшы нәрсе деп айтады. Сандарды қалағаныңша құбылтуға болады. 8-10% өсім туралы айтып, жан басына шаққанда өте төмен ЖІӨ болуы мүмкін. Өсім – бұл сандар, ал басты көрсеткіш – адамдардың қалай өмір сүретіні және бұл елден, мысалы, Қырғызстан мен Тәжікстаннан Ресей мен Қазақстанға адамдар ағылуы қандай екенінде. Мен бұл жақсы өмірден емес деп ойлаймын.

 

- КО-да болу тәжірибесін есепке ала отырып, ДСҰ-ға кіруде республикаға қандай қауіп төніп тұр?

 

- Мен ДСҰ-мен байланысты проблемаларға терең бойлап көрген емеспін, бірақ менде Кедендік одаққа кіргенге дейін ДСҰ-ға кіру дайындығы жеткілікті түрде жоғары болды деген әскер бар. Қазақстанның кедендік тарифтері біршама төмен болды, ДСҰ-ға мүше елдерден тауар ағылып жатты. Мен 2010 жылға дейін жымқырылып жатқанымызды сезіндік деп ойламаймын. Қазақстан КО-ға кірген соң, көптеген бағыттар бойынша кедендік тарифтер өсті, ал бұл жағдайда технологиялық құралдардың еуропалық импортын ресейлік құралдар ауыстырды. Осы жерде біз Ресейден қаншалықты сапалы құралдар алып отырмыз деген сұрақ туады. Еуропадан алынғандар жоғары технологиялы болуы мүмкін, бірақ олар өте қымбат болды. Олар модернизация тұрғысынан қандай әсерлер қосты? Ең дұрысы, біз ДСҰ-ға Ресей сияқты жағдайда кіреміз. Жоғары тарифтер бір жағынан, ішкі өндірушілер үшін жағдай тудырады – бір қорғаныс жүре бастайды. Мен өндірушілер үшін түбегейлі өзгерістер болады деп ойламаймын, тұтынушылар үшін олар қолданатын тауарлар жиыны кеңеюі мүмкін. Біздің шикізат экспорттаушылар үшін ештеңе өзгермейді. Мүмкін, ауыл шаруашылығын қолдау саясатында бір өзгерістер болуы тиіс, себебі субсидиялар құрылымы тауар өндірушілерді нақты қолдауға көбірек бағытталған. ДСҰ ауыл шаруашылығы өндірушілерін тікелей қолдауды емес, олардың дамуы үшін жағдай жасауды талап етеді.

 

- Қытай жақында ғана Ресей мен Еуропа елдерін басып озып, Қазақстанның ең ірі сауда әріптесіне айналды. Бұл Қазақстанның алдына қандай міндеттер қойып отыр? Біз бұдан белгілі бір пайда көре аламыз ба?

 

- Ресей туралы айтқанда, біз ұтылып жатырмыз, себебі олар бізге қарағанда көп сатады. Бірақ, біз өте үлкен экпортқа ие елміз, біз оған өзіміз өндірмейтін немесе бізге өндіру қымбатқа түсетінді сатып алуымыз керек. Сондықтан, біз ең жақын көрші Ресейден сатып аламыз. Көлік таңдауы үлкен емес, бірақ сапа көңілден шығады. Біздің Ресеймен теріс тепе-теңдікте болғанымызда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Ресейден сатып алмасақ, Қытайдан сатып алар едік. Ресеймен оң тепе-теңдік орнатып, бірақ Қытайдан көп сатып алар едік. Қытайға келсек, біз пайда көріп жатырмыз: олардан алғаннан гөрі, оларға көбірек шығарамыз. Біздің экспорт негізінен шикізаттар – металдар, мұнай, газ тасымалы. Біз бұны біздің экспортымыздың әртараптануы деп түсінуіміз керек. Яғни, экспорт қазір қиын жағдайда отырған еуропалық елдерге ғана емес. Біз онда тұтынудың қысқарып жатқан қарқынын көріп отырмыз. Бұл жағдайда Қытайға экспорт – оңды құбылыс. Қытай – дамып келе жатқан мемлекет, әлемдік экономиканың болашақ көшбастаушысы және ол біздің тура іргемізде тұр. Бұдан біз пайда алуымыз керек, сондықтан Қытаймен әріптестік – дұрыс нәрсе. Мұнай экспортын кеңейту туралы соңғы келісім-шарт – үлкен жақсылық. Әрине, инвестициялар технологиялар, құрал-жабдық, өз мамандары мен жұмысшыларын экспорттауға жол ашады. Бірақ, онда саудаласу керек, айталық, жұмыс күшін біз өзіміз қамтамасыз етеміз дегендей. Қытайлар бізге 3 мың адам әкелу керек дейді, бізде квота бар және жергілікті нарықты қолдау керек деп жауап береміз. Бұл жұмыс процесі. Жалпы Қазақстанға экономика құрылымы бойынша ұқсайтын Канада, Австралия сияқты көп елдер Қытайға қарап отыр.

 

- Қазақстанның өндірілген өнім экспортын 2014 жылы елден шығарылатын экспорттың жалпы көлемінде 40% дейін ұлғайту бойынша жоспарлары қаншалықты шындыққа сай келеді? Олардың жүзеге асуына кедергілер бар ма?

 

- Егер тек қана шағын өңдеу болса, бұл шынайы. 40% болуы мүмкін. Әр елдің ерекшелігін ескеру керек. Бізде шикізат өнімі туралы айтқанда, шынында қазіргі кезде бұл біздің артықшылығымыз. Мұндай өнім бір кездері керек болып қалатыны басқа мәселе, біз қайта жасақталып үлгеруіміз керек. Бұл ұзақ мерзімді мәселе. Қысқа мерзімді жоспарда сен шикізат өндіресің және одан түпкілікті өнім жаса деген шынайы емес. Әркім өз ісімен айналысуы тиіс. Прокатты сату тиімді, одан әрі автокөлік өндіргенге қарағанда. Бұл енді басқа нарық, ол баяғыда бөлініп қойған, құралдардың нарығы сияқты.

 

- Сұхбатыңызға рахмет.


adimage