Меккеге қажылық барысында екі қазақстандық қайтыс болды

Күні: 18:19, 15-10-2014.

Астана. 15 қазан. ҚазТАГ – Мекеге қажіліс кезінде екі қазақстандық қайтыс болды, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметінен.  
«Биыл әлем мұсылмандарының қасиетті қаласы - Мекке шаһарында Қазақстаннан 5 000 отандасымыз қажылық парызын өтеді. Жерлестерімізге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қажылық миссиясы қызмет көрсетті. Миссия құрамында білікті дәрігерлер, дін саласының ғалымдары, дінтанушылар мен имамдары болды. Қажылық сапары кезінде 69 жастағы Баба Никан қария жол апатынан және 75 жастағы Ботан Жүсіпова апамыз кенеттен жүрек қан тамырлары ауруынан қайтыс болды», - делінген сәрсенбі күні таратылған хабарда.
Айта кетерлігі, қайғылы оқиғалар қажылық рәсімінен тыс орындарда, мәселен, Қағбаны тауап ету, Арафат тауында тұру, Сафа мен Маруа төбелеріне жеті рет бару, т.б. құлшылық амалдарынан бөлек уақыттарда орын алды. Ажалы жеткен егде жастағы ата-әжемізге ҚМДБ Миссия мүшелері - дәрігерлер дер кезінде медициналық көмек көрсетті. Алайда Алланың әміріне ешкім қарсы тұра алмайды.
ҚМДБ Қажылық миссиясы қасиетті жерде қаза тапқан қандастарымызды Меккеде жерлеу рәсімдерін жүзеге асырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан қайтыс болған жерлестеріміздің туған-туыстарына көңіл айтамыз. Олардың қайғыларына ортақпыз, делінген сәрсенбі күні ҚМДБ таратқан хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: