Мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажет - Тоқаев

   Астана.20 ақпан.ҚазТАГ- мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру үшін жеке сектормен бәсекелес еңбекақы белгілеу қажет, деп есептейді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
  «Бірақ таңертеңнен кешке дейін, уақытпен санаспай жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлерге белгілі бір деңгейде материалдық өтемақы төленуі керек деп санаймын. Мәселе – өте өзекті. Біз мұны мемлекеттік қызметкерлердің пайдасына шешеміз. Олардың баспана мәселесін де тиісті деңгейде шешу керек. Бұл бойынша Сингапур және басқа да елдердің тәжірибесіне назар аударған жөн. Олардың мемлекеттік басқару жүйесіндегі тиімді әдіс-тәсілдерді қарастыру қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сейсенбі күні жастар кадр резервінің форумында.
   Сондай-ақ мемлекет басшысы ғалымдарды, сарапшылар мен белсенді азаматтарды, әсіресе, еріктілерді қызметке тартудың мәні зор деп санайды. Бұл ретте Президент еліміздің әділетті мемлекет әрі инклюзивті қоғам құрып жатқанына, гендерлік теңдікті сақтау мәселесіне назар аударды.
   "Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды. Ер адамдармен салыстырғанда, жемқорлық әрекеттерге бейім емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі агенттіктің статистикасы соған меңзейді. Саяси қызметкерлер арасында да елеулі теңсіздік байқалады. Олардың қатарындағы әйелдердің саны 10 пайызға жетпейді. Мемлекеттік қызметтегі жастардың үлесіне қатысты да диспропорция бар. Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің, жастардың және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың санын көбейту керек. Олардың, әсіресе, басшылық құрамда қызмет етуіне барынша мүмкіндік берген жөн", – деді президент.
  Тоқаев жас мамандарды мемлекеттік қызметке бейімдеу үшін Тәлімгерлік институтын жандандыру мәселесіне баса назар аударды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметте "командамен көшу" үрдісі әлі тыйылмай отырғанын сынға алды. Осыған орай Президент Әкімшілігіне, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке бұл мәселені қатаң бақылауға алуды, мұндай әрекеттерге батыл тосқауыл қоюды тапсырды.
   "Жалпы, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікке заң жүзінде қосымша құзырет беру қажет деп санаймын. Олар еліміздегі кадр саясатына конструктивті тұрғыдан ықпал ете алуға тиіс. Әрине, бұл Агенттік басшылығына айрықша жауапкершілік жүктейді", – деді Тоқаев.
  "Жасанды интеллект технологиясын және ауқымды мәліметтер қорын, яғни Big Data-ны тиімді қолдану керек. Заманауи технологиялар арқылы халықпен етене байланыс орнатудың жолдарын жақсартқан жөн. Себебі барлық маңызды шешімдер азаматтардың пікірі негізінде қабылдануға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

adimage