Мен сайлауға қатысу туралы хаттар алып жатырмын - Назарбаев

Астана. 23 сәуір. ҚазТАГ – Мен сайлауға қатысу туралы хаттар алып жатырмын, деп мәлімдеді Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
«Құрметті партияластарым, қазіргі таңда мен халқымыздан көптеген хаттар алып жатырмын, олар үшін менің өкілеттігімді мерзімінен бұрын тоқтатқаным күтпеген жағдай болды, кейбірі менің лауазымымнан кеткеніме өкініш білдіріп жатыр, тіпті жаңа сайлауға қатысу туралы хаттар да келіп жатыр. Халық, әлбетте, болашағына алаңдайды, тұрақтылықты қалайды, бізде осы жылдар ішінде орнығып қалған, әлемдегі басқа көптеген мемлекеттер үшін үлгі боларлықтай болған барлық ұлттардың, діндердің теңдігінің сақталуын қалайды», - деді Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаев сейсенбі күні Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінде.
Ол қазақстандықтарға «осындай қарым-қатынасы үшін» алғысын білдірді.
«Мен маған деген осынай құрметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін, осы жағдайды пайдалана отырып, басымды иіп, барлық отандасыма осындай қарым-қатынастары, осындай сүйіспеншілігі, менің өзіме деген осындай құрметтері үшін алғыс айтамын. Мен олардың алаңдаушылығын түсінемін, және тағы айтқым келеді мен ойланып барып шешім қабылдадым. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев барлық қазақстандықтардың бейбіт өмірін, тең құқығын сақтау саясатын толығымен ұстанатын адам деп мәлімдеймін», - деп түйіндеді сөзін Назарбаев.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент сайлауына Nur Otan партиясынан үміткер ретінде ұсынылды.
Еске салсақ, 19 наурызда Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшысы лауазымындағы өз өкілеттігін 2019 жылдың 20 наурызынан бастап тоқтататыны туралы жарлыққа қол қойған еді. Келесі президент сайлауына дейін елді уақытша сенаттың экс-спикері Тоқаев басқарады.
9 сәуірде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа үндеу жариялады, ол үндеуде 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс президент сайлауы өтетін мәлімдеді. Мемлекет басшысының тиісті жарлығына қол да қойылды.
ҚР президенті лауазымына үміткерлерді ұсыну 28 сәуірге дейін жалғасады.

adimage