Өмірзақ ТҮСІМОВ, ҚР ІІМ жол полициясы комитетінің бұрынғы басшысы: ЖОЛ ПОЛИЦИЯСЫ КОМИТЕТІН ТАРАТУ ЖОЛ ҚОЗҒАЛЫСЫНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӨНІНДЕГІ ТӘУЕЛСІЗ ОРГАНДЫ ОҢТАЙЛАНДЫРУҒА СОҚТЫРАДЫ

 

Астана. 11 ақпан. ҚазТАГ – Давид Ян. ІІМ басшылығының әкімшілік полиция комитеті (ӘПК) мен жол полициясы комитетін (ЖПК) біріктіріп, соңғысын министрліктің жеке құрылымы ретіндегі мәртебесінен айыру туралы жоспары билік құрылымдары мен халық арасында түрлі реакция тудырды. Мұның арты қайда апаратыны туралы өз пікірін ҚазТАГ агенттігіне жеткізген ҚР ІІМ жол полициясы комитетінің бұрынғы төрағасы, ішкі істер органдарында 30 жылдай қызмет еткен запастағы полиция полковнигі Өмірзақ Түсімовтың сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз.

 

 

– Әкімшілік полиция комитетін және ІІМ жүйесінің жеке құрылымы статусынан айыру көзделіп отырған жол полициясы комитетін біріктіру неге алып келеді деп ойлайсыз?

 

– Ресейдің бұрынғы премьер-министрі Виктор Степанович Черномырдин айтқан сөзден артық айта алмаспын. Реформаны жоспарлағандағы ниет – жақсарту. Бірақ мәселе одан шығатын нәтижеде. Мұның арты жақсылыққа апармайды деп ойлаймын.

 

Ендеше, мұндай біріктірудің шынайы себептері мен мақсаттары қандай болуы мүмкін?

 

– Әкімшілік полиция комитетімен жол полициясы комитетін біріктірудің шын себептерін білмеймін.

 

Бұл ой жоғары лауазымды бір шенеуніктің жеке амбициясынан туындады, ал жаңа комитет басшысының орны реформа туралы бастама көтерген адамға уәде етіліп қойыпты деген сөз бар...

 

– Нақтысын білмеймін, бірақ ӘПК төрағасы жақында қызметтен кеткенін ескерсек, мүмкін. Жас басшы, тіпті әлі 50-ге де келмеген.

 

Мүмкін жаңа комитет төрағасының қызметтік «биігін» генералға дейін жоғарылатуда шығар?

 

– Ешқандай жоғарылату болмайды. Қарамағындағы қызметкерлердің санына қарамастан, ІІМ комитеттерінің төрағаларының бәрі полковник лауазымында. Менің пікірімше, бұл лауазымдарды жақын уақытта генералдыққа дейін көтермейді. Құрылатын комитет басшысының да шені полковник, жалақысы да сондай болады.

 

ІІМ комитеті төрағасының жалақысының көлемін атай аласыз ба?

 

– Соңғы 3 жылда ЖПК төрағасы қызметінде жүргенімде шамамен Т350 мың алып келдім. Бұл сома қызметтік жалақыдан, полковник атағына және ішкі істер органдарындағы 30 жылдай жұмыс өтілі үшін берілетін қосымша төлемнен құралатын. Бірақ өткен жылы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын 25%-ға көтергенін, шілдеде тағы 30% қосатынын ұмытпау керек.

 

– ІІМ-нің мәлімдеуінше, әкімшілік полицияны өзіне тән емес функциялардан, ал жол полициясын техбайқау диагностикасынан босатқан реформадан кейін біріктіру үшін алғышарт туындаған.

 

– Бұл жерде олар шынын айтпай отыр. Мынадан бастайық, біріктіру туралы мәселе 2006 жылы, мен ҚР ІІМ жол полициясы департаментінің бастығы болған кезде көтерілген. Ол кезде жаңадан құрылып жатқан, құрамына шағын көші-қон полициясы кіретін әкімшілік полиция комитетімен біріктіру арқылы департаментті оңтайландыру жоспарланды. Бірақ сол уақыттың өзінде көші-қон полициясы мемлекеттік және орталық органдардың қызметін үйлестіру функцияларына ие болатын. Жол полициясы сияқты. Баршаға мәлім болсын, ЖПК төрағасы Қазақстан Республикасында жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етуші бас мемлекеттік инспектор болып табылады. Бірақ бұл туралы кейінірек айтайық.

Бүгінгі күнге оралайық. ӘПК функцияларының жартысын алып қойғаны рас. Кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталықтары мен медициналық сауықтырғыштар «тартып алынды». Көші-қон полициясының комитеті (КПК) бөлек құрылды. Бірақ ешкім де ведомстводан тыс күзет («Күзет» бөлімшелері) туралы естеріне де алған жоқ, оның функциялары бәсекелестік ортаға беріліп, ӘПК-ге аса маңызды мемлекеттік нысандарды күзету ғана қалдырылды.

Енді техбайқау өткізу азаматтық ұйымдарға берілетіндіктен, жол полициясының функциялары азайғаны туралы айтайық. Біріншіден, бәсекелестік ортаға автокөліктің диагностикасы ғана беріледі, ал көлік және коммуникация министрлігіне осы диагностиканың функцияларын белгілейтіндер ауысады. Екіншіден, техбайқау дегеніміз кең ұғым. Мысалы, техбайқаудан уақытында өту, еліміздегі автокөлік құралдарының санын жыл сайын нақтылау, олардың конструкцияларының өндіруші-зауыттың талаптарына сәйкес келуі, қандай да бір адамдардың қандай да бір көлік құралын басқару құқығы сияқтылар жол полициясының құзырында қалды. Осының бәрін жыл сайын жүзеге асыру қажет.

 

– Жақсы, сонда автокөліктердің диагностикасын неге коммерсанттарға беріп жатыр?

 

– Өйткені жол полициясында техникалық база - диагностикалық орталықтар мен арнайы жабдықтар болмаған, қазір де жоқ. Бұлар болмаса, ол ( жол инспекторы – ҚазТАГ) көліктің жағдайын қалай тексере алады?! Біз кезінде қазынашылық кәсіпорындар статусы бар осындай орталықтарды құруға тырыстық. Шынын айтсақ, бұл – шығынды көп қажет ететін шаруа. Ол кезде қолданыста болған заң бойынша, дұрыс істемейтін автокөлік жол-көлік апатына (ЖКА) ұшыраса, жүргізушіден басқа ешкім жауап бермейтін. Осы көлікті тексеріп, оның дұрыс жүретіні туралы құжат берген инспектор тіптен жауап бермейтін.

Батыста әр автокөліктің төлқұжаты бар, онда көліктің тарихы түгел жазылады, шығарылған күні, пайдалануға берілгені, әрбір техникалық қызмет көрсетілу оқиғасы, басқа да ақпарат жазылады. Ал жергілікті жерлерде әр көлікке бұрыштағы «сынықшыларда» емес, фирмалық автоорталықта қызмет көрсетіледі, бұл орталық автокөліктің ТБ-1, ТБ-2 өткенін бақылап отырады. Сонда техникалық байқаудан өткен сынық машина ЖКА-ға ұшыраса, автосервис те жауап береді. Бізде олай емес.

 

Грузияда жасалғандай, болашақта Қазақстанда да жол полициясын оңтайландыру мүмкін бе?

 

– Жоқ деп нақты айта аламын. 2006жылдың басында мемлекет басшысы мен ішкі істер министрінің тапсырмасымен Грузияның тәжірибесін зерттеп көрдік. Ол кезде Грузияда МАИ-ді мүлдеп таратып жіберді деп жазып та, айтып та жатты. Мүлдем олай емес.

Шынымен де, МАИ-де істегендерді жұмыстан шығарған. Жол полицейлерінің санын қысқартқан. Жаңа адамдарды алып. Оларды жол полицейлері емес, патрульдік полицейлер деп атаған. Бірақ Грузияда бұрын жол полициясы орындап келген функциялардың бәрі жаңа құрылымға берілгеніне қарамастан, ондағы патрульдік полицейлердің бәрі жол қозғалысын бақыламайды.

Бірақ ең бастысы – мемлекеттік қызметкердің орташа жалақысы $45 болса, жолда қызмет ететін инспекторлардың жалақысын 10 есеге, $25-тен $250-ге дейін көбейткен. Бір жылдан кейін тағы көтерген. Менің мәліметтеріме сәйкес, 2 жыл бұрын олар учаскелік полицейлер мен басқа мемлекеттік қызметкерлермен салыстырғанда ең жоғары жалақы алған.

Сонымен қатар, грузиялық әріптестерімнің айтуынша, жолда бұрынғыдай тәртіп жоқ. Апаттылық көрсеткіші сол деңгейде қалған. Олардың жалғыз ұтқан жері – жолда пара алу тыйылған.

 

Біздің ІІМ де комитеттерді біріктіру жол полициясының басқару аппаратын қысқартып қана қоймай, жемқорлықты да азайтады деп отыр ғой

 

– Бұл жерде де олар қателесіп отыр. ЖПК функциялары ӘПК-ге көшкенде аумақтық органдардағы жемқорлықты ешкім де бақылап, онымен ешкім де күреспейді. Мысалы, бүгінгі күні ЖПК-да жеке құрамды жемқорлық құқық бұзушылықтар мен қылмыстарға қатысты ашық және жасырын тексеретін арнайы қызмет бар. Біріктірілген комитетте мұндай арнайы бөлімшенің қызметі жойылады.

Басқарушы аппаратты қысқартуға келсек. Бірдеңені немесе біреуді қысқартпас бұрын ойлану керек. Неліктен ІІМ аппаратындағы артық басқарушы буындардан ӘПК-ні департамент немесе басқарма қылып қайта құрып емес, ЖПД есебінен құтылу керек?

Бізде ведомствоның қызмет ету нормалары бар. Комитет – ІІМ-нің ведомствосы.Ведомство болуы үшін оның орталық және жергілікті билік органдарының қызметін үйлестіру функциялары болуы тиіс. Басқа сөзбен айтқанда, ЖПК жол қозғалысының қауіпсіздігіне мүдделі көлік және коммуникация министрлігінің, ТЖМ-нің, денсаулық сақтау, қорғаныс министрліктерінің, әкімдіктердің бірлескен шараларын үйлестіру құқығына ие. Ал ӘПК үшін бір де бір заңда мұндай функциялар қарастырылмаған. Ал ЖПК-нің функциялары ҚР «Құқық қорғау органдары туралы» және «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» заңдарымен белгіленген.

Баршаға мәлім емес шығар, әлемде жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселелерімен мемлекет басшыларына немесе премьер-министрлерге тікелей бағынатын тұтастай бір министрліктер, агенттіктер айналысатын елде де бар.

ЖПК-ны ІІМ жүйесіндегі жол қозғалысының қауіпсіздігі жөніндегі бөлек орган ретінде жою мемлекеттік автоинспекция түріндегі тәуелсіз салалық органды оңтайландыруға алып келеді. Бұл орган мүдделі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктерді кешенді үйлестіру, халықаралық стандарттарды ескере отырып жол және техникалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерінде бақылаушы және шолушы функцияларды жүзеге асыру үшін және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық келісімдер мен келісімшарттарға сәйкес, БҰҰ ЕЭК жұмысына қатысу үшін керек.

Бұл туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының 2004 жылдың сәуірінде өткен отырысында айтылды, мен ол отырысқа қатыстым. Бас ассамблея жол қозғалысының қауіпсіздігі мәселесі бойынша сәйкес резолюция да қабылдады. Өйткені дамыған елдерден басқа елдердің көбінде жолда тәртіп жоқ. Қазақстанда да жыл сайын ЖКА-ларда қаза болғандардың саны артып отырды.

2006 жылы мемлекет басшысы бұл мәселені Қауіпсіздік кеңесінің отырысында қарады. Мұндай ешқашан болған емес. Мен ол кезде салыстыру  ретінде президентке мынадай мәліметтерді мысалға келтірдім: соңғы 10 жылдың ішінде еліміздің жолдарында 18мың адам қаза болды, ал 10 жылға созылған Ауған соғысы кезінде Кеңес одағының барлық елдерінен небәрі 13 мың адам қаза тапқан. Президент біздің жолдардағы жағдай соғыстан да жаман екенін айтып, премьер-министрге мәселені жеке бақылауға алуды тапсырды. Осыдан кейін ғана жағдай біршама жақсарып, әкімдер мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті министрліктерден қолдау таптық. Жол полициясын жабдықтау да сол кезде қолға алынды.

Қолданыстағы заңнамадағы олқылықтар, оның жол қозғалысы саласындағы қатынастарды реттей алмауы «Жол қозғалысының қауіпсіздігі туралы» заң қабылдауға итермеледі, онда жол полициясының атынан ІІМ осы саладағы орталық атқарушы орган атанды.

Енді бұл функцияларды кім орындайды? Өтірік айтпай-ақ қояйын. Бір бөлігін жол полициясының аумақтық басқармалары орындайды. Бірақ олардың жұмысын кім үйлестіріп, бақылайды, нормативті-құқықтық базасын кім жасайды? Әлі әлемдік тәжірибені зерттеп, ғылыми жобаларды енгізіп, насихат жүргізу керек.

Өзіңіз ойлаңыз. ІІМ комитетінің штаты – 63 адам. Біріктірілген комитетте мұның бәрін 10-20 адамнан тұратын басқармаға артып салады, олар осындай жұмыс көлемін атқара алмайды. Олардың қолдарынан келетіні статесептілік қана болады. Басқаша айтсақ, біріккен комитеттің құрамындағы жаңа бөлімшенің ролі мен оның жолдардағы қауіпсіздікке ықпалы қатты төмендеп кетеді.

Айтпақшы, еліміздегі жол қауіпсіздігі проблемасы әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

 

– РФ президенті полицейлердің жалақысын $1,5 мыңға дейін арттырып, мемлекеттен үй беріп, ештеңеге мұқтаж болмайтындай етіп, ресейлік ІІМ-дегі жемқорлықпен күреспек. Қазақстанда да осындай шараларға баратын кез келген шығар?

 

– Мен бұл туралы бұрын да айтқанмын, қазір де айтамын. ІІМ-нің ең мобильді және оперативті бөлімшелерінің бірі – жол полициясында жолдарда нақты міндеттер атқарып, қызмет етіп жүргендердің денін 20 – 30 жастағы жігіттер құрайды. Бізде 10 жылдық жұмыс өтілі бар офицер Т50 мың немесе $300 жалақы алады. Ал мемлекеттік қызметкердің орташа жалақысы сыйақылары мен басқа да қосымша төлемдерді қосқанда, бұдан асып түседі.

Ауылдық жерде бұл жетеді десек, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларында, басқа да қалаларда бұл ақша – ақша емес. Бұған полицейлердің баспана проблемасын мемлекет есебінен шешілмейтінін қосыңыз.

Ал инспектортамақ ішіп, киініп, отбасын асырауға тиіс. Мен бүгінгі күні дәлеуттің белгісі болудан қалған жеке көлік туралы мүлдем айтпай-ақ қояйын.

Сонымен бірге, жол инспекторының жұмыс күні де қалыпсыз екенін ұмытпайық. Ол көшелердің қиылысынан, әсіресе Астана мен Алматыда үкіметтік трассалар өтетін жерден бір минутқа да кете алмайды. Олар желіде тәулігіне кем дегенде 12 сағаттан тұрады. Биылғы жылы жүктеме әсіресе көп болды – ЕҚЫҰ саммиті, Азиада.

Мен қазір бір қаржы ұйымында жұмыс істеймін. Бізге жаңадан келген менеджер, сағат 9-дан 18-ге дейін істеп, аптасына 2 күн демалып, жол полициясының капитаны алатын жалақыдан 3 есе көп алады. Оны сенбі, жексенбі күні немесе жұмыс күнінен кейін қалып жұмыс істеткізсең, қосымша төлеуді талап етеді. Және ол бұлай етуге 100%-ға құқылы.

Дамыған елдерде полицейлерге қосымша істеген жұмыс сағаттары үшін төлейді, бірақ оларда шамадан артық істегендерді қолдамайды, адам шаршап, назары, реакциясы және т.б. төмендейді.

Шынын айтсақ, мемлекеттің  өзі полицейлерді пара алуға мәжбүрлеп отыр.

 

Жол полицейлерінің жалақысын $1мыңға дейін көтереміз деп уәде берілген еді ғой, мәселе әлі шешілмей келеді...

 

Бұл жерде біз бұрынғы министрмен аздап үлгере алмай қалдық. Қарсы шыққандар көп болғанына қарамастан, бұл идеяны парламентке «өткізіп», келіскен сияқты едік. Президенттің қол қойғаны ғана қалған.

Оған сәйкес, жол полицейінің жалақысы $1-1,2 мың болуға тиіс еді. Бірақ кейін экономикадағы дағдарысты сылтау етіп, үнсіз қалды. Бюджетте қаржы қарастырылған болатын, кейбір аймақтарда инспекторлардың жалақысы аздап көтерілді.

Болашақта жол полициясы қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі деп ойлаймын. Өйткені инспектор пара алмау үшін, ол өз қызметін бағалауға тиіс. Ал бұл оның жалақысы көп болғанда ғана мүмкін.

Мен Малайзиядағы, Сингапурдағы осы проблеманы зерттедім. Тыңдаңыз, Малайзияда 2004 жылы мемлекеттік қызметкердің орташа жалақысы $3 мың болғанда, 5 жылдық жұмыс өтілі бар жол полициясының капитаны $6,5 мың алған. Әмірліктерде демалғанымда оларда ең көп жалақыны мемлекеттік қызметкерлер мен жол полицейлері алатынын кездейсоқ білдім. Ол жақта пара беріп көріңіз, бірден қылмыстық жауапкершілікке тартады. Еліміздің президенті де бұл туралы айтқан болатын. Ол пара алғандарды да, пара бергендерді де жауапқа тарту керек деді емес пе.

 

Жол полициясындағы «кірісті» қызметтерді әлі күнге дейін сатып алады дегені рас па?

 

– Нені жасырамыз, бұл туралы тағы сөз шықты. Қызметтердің бағасы әр түрлі, қызмет жоғары болса, құны да қымбат. Жақында интернетте бір аймақ бойынша осындай бағаларды жариялапты. Журналистер бұл мәселені дұрыс көтеріп отыр деп есептеймін.

 

Бірігуден кейін учаскелік полицейлер өздеріне сеніп тапсырылған аумақтарын тастап, қолдарына таяқша ұстап, жолға шығады, ал патрульдер аулалар мен шағын көшелерге бармай қояды деген қауіп бар ма?

 

– Дұрыс. Алматыда ІІМ-нен бөлінген мемлекеттік тергеу комитеті кезінде мұндай болған. 1995 жылы жол полициясының бір ротасына әкімшілік полициямен бірге патрульдеумен айналысу міндеттелді. Оның құрамына кірген учаскелік полицейлер жол инспекторларымен бірге бірден жолға шықты. Ал ықшам аудандар мен тұрғын үй аудандарында ешкім қалған жоқ.

Басқа жағынан, егер ӘПК базасында құрылған жаңа комитет аумақтардағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ғана назар аударса, оның барлық бөлімшелері басшылықтың бұйрықтарын орындап, жол қозғалысын қараусыз қалдырып, тұрғын үй аудандарына кетіп қалады.

 

Айыппұлдар мен басқа қызметтерден (техбайқау, көлікті тіркеу және т.б.)  республикалық бюджетке түсетін түсімдердің сомасын атаңызшы.

 

– Маған соңғы мәліметтер белгісіз. Бірақ комитеттің бұрынғы басшысы ретінде айтайын, жол полициясы бюджетке жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін салынатын айыппұлдар түрінде түсетін қаржының жартысына да өз қызметін толықтай жүзеге асыра алады. Бұл - өзін-өзі қамтамасыз ете алатын жалғыз полиция қызметі.

Алайда мақсат бұл емес. Инспекторлардың бюджетті айыппұлдардың есебінен толтырғаны қажет емес. 2003 жылы аймақтарға барғанымда облыстардың, аудандардың әкімдері жол полициясының бастықтарына айыппұлдардың есебінен бюджетке белгілі бір соманы салуды міндеттейтінін анықтадым.

Ол кезде Қазақстан бойынша жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін бір жылда бірнеше миллиард теңге жиналатын. Мен кез-келген деңгейдегі әкімге жол полицейлерінің санын көбейту туралы өтінгенде, бәрі келісетін. Өйткені жол полицейлерінің саны көп болса, бюджетке түсім де көп болатынын бәрі білетін.

 

Онда жол полициясын аймақтағы басшылыққа тәуелді болмауы үшін жергілікті бюджеттерден республикалық бюджетке ауыстыру керек шығар?

 

– Мұны істейтін уақыт баяғыда келген. Мұндай қамтамасыз ету мен вертикаль жүйесі ретінде есірткі бизнесімен күрес комитетін мысалға алуға болады. Қалай болғанда да, оларда қызметке тағайындау жергілікті билікке тәуелді емес.

Бірақ жол полициясына қатысты бірнеше жағдай бар. Бұған бармай отырғандарының себебі мынада, өйткені оны жарақтандыру, жолдардағы бейнекамераларды, қызметтік автокөліктерді қосқанда, негізінен жергілікті бюджеттер арқылы қаржыландырылады.

Жол полициясын тәуелсіз қылу үшін айыппұлдардан түсетін ақшаны жергілікті бюджеттерден республикалық бюджетке салу керек. Ал жол полициясының жергілікті басқармаларын тікелей ІІМ-ге бағындыру керек. Облыстық немесе қалалық жол полициясының бастығы қазіргідей ІІД-нің бастығына, әкімге тәуелді болмауға тиіс. Сонда жол полициясын өз ішінде тәртіпке келтіруге оңай болады.

Кезінде мен мұны талай рет ұсыған болатынмын, бірақ бір де бір деңгейде қолдау таппадым.

 

Ашық сұхбатыңыз үшін рахмет!


adimage