Мохаммад Фарук Бараки: Ауғанстан бүкіл Орта Азия үшін терроризмнен қалқан рөлін атқаруда

Мохаммад Фарук Бараки: Ауғанстан бүкіл Орта Азия үшін терроризмнен қалқан рөлін атқаруда

Кабул. 24 желтоқсан. ҚазТАГ – Матлуба Шаолиева. Ауғанстан ислам республикасында саяси режим бірнеше рет өзгергенімен, олардың Қазақстанмен достық қарым-қатынаста келе жатқанына 20 жылдан астам уақыт болды. Ынтымақтастықтың ең табысты салалары жоғарғы білім мен ұн және астық жеткізу салаларында. Екі елдің ынтымақтастығының келешегі жайлы ҚазТАГ агенттігіне Ауғанстанның Қазақстандағы елшісі доктор Мохаммад Фарук айтып берді.

 

- Елші мырза, екі ел арасындағы сауда айналымының деңгейі қандай?

 

- Ауғанстан мен Қазақстан ортақ мемлекеттік шекарасы болмағанымен осы өңірдегі көрші мемлекеттер және тарихи, мәдени және қандай да дәрежеде тілдік ортақтығы бар. Бізде өте жақсы достық қарым-қатынас бар. Ауғанстан Қазақстанның ұлттық тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып мойындады және Қазақстанның бұрынғы астанасы – Алматыда бірінші елдер қатарында өз елшілігін ашты.

Бүгіндері Ауғанстан мен Қазақстан арасында ынтымақтастық және өзара іс-қимыл жөніндегі мемлекетаралық және парламентаралық бірлескен комиссия жұмыс істейді. Былтырғы күзде Кабулда Ауғанстанның сауда және өнеркәсіп министрінің төрағалығымен және қазақстандық тараптан үкіметаралық бірлескен комиссияның төрағасы Владимир Божконың қатысуымен екі елдің ведомствоаралық комиссияның алтыншы отырысы өтті. Кеңесте тараптар сауда, ағартушылық және кадрларды дайындау, сыртқа шығу және кіру, ауыл шаруашылығы, мәдени ынтымақтастық, мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы, өнеркәсіп пен төтенше жағдайлар саласында өзара тиімді келісімдерге қол жеткізді. 

2013 жылы Ауғанстан мен Қазақстан арасындағы сауда көлемі $100 млн-нан асты, бірақ екі ел арасындағы қарым-қатынастың қарқын алып отыруы тұрғысынан ол көрсеткіштер өсе түседі. Біздер сауда айналымында жоғарғы деңгейге жете алмай отыруымыздың негізгі себебі сенімді транзиттік жолдың жоқтығы.

 

- Ауғанстанда Қазақстанның жердегі, теңіздегі, темір жолы және әуе жолдарына қосылуының қандай мүмкіндіктері бар?

 

- Ауғанстан Азияның жүрегі деп саналады, сондықтан да, географиялық орналасуы және саяси мәнділігі жағынан Орталық Азиядағы, сондай-ақ Еуразия мен Оңтүстік Азиядағы маңызды және елеулі мемлекет деп саналады. Сол себепті екі ірі жоба іске асырылу барысында. Ол жобалар – ТАПИ - Түркменстан-Ауғанстан-Пәкістан-Үндістан газ құбыры мен екіншісі - CASA-1000 электр тасымалдау желісі (ЭТЖ).

Әрине, осы ірі энергетикалық жобаларды іске асыру үшін жерде кеңейтілген жобаларды іске асыру керек болады, оның ішінде Орталық және Оңтүстік Азия елдерімен байланыстыратын темір жолдарын салу керек.  

Өздеріңіз білетіндей, биылғы 3 желтоқсанда бауырлас елдердің президенттерінің қатысуымен Қазақстан – Түркменстан – Иран темір жолы пайдалануға тапсырылды.  Ол келешекте Ауғанстанға осы темір жол арқылы бір жағынан Парсы шығанағына қосылуға және бос халықаралық суларға шығуға мүмкіндік берсе, екінші жағынан – бізге ортаазиялық темір жол желілеріне, әсіресе Қазақстан мен Ресейге, сондай-ақ Шығыс  Еуропа жолдарына шығуға мүмкіндік береді.  

Одан басқа, Түркменстан – Ауғанстан – Тәжікстан темір жолының жобасы іске асырылуда, және ол жол өзінің дамыған инфрақұрылымымен біздің жақындасуымызға өте маңызды деп саналады. Осылайша, біз сенімді түрде дұрыс бағыт алдық деп айта аламыз.

 

- Қазақстан Ауғанстанды қалпына келтіру үдерісіне қандай салаларда көп үлес қосуы мүмкін?

 

- Қазақстан өңірдегі дамыған ел және экономикалық әлеуеті қуатты. Біз осы елдің ауыл шаруашылығы саласында, құрылыста, пайдалы қазбаларды өндіруде, ағартушылық саласы мен кадрларды дайындауда, сондай-ақ автомобиль және темір жол салу салаларында қатысқанын қалар едік.

 

- Қазақстан Ауғанстанға қандай айтарлықтай көмек көрсетіп отыр?

 

- Қазақстан Ауғанстанға тегін көмек ретінде Саманган провинциясының Суф шатқалында мектеп салып, сондай-ақ Бамиян провинциясында аурухана салды. Одан басқа, Тахар-Кундуз-порт Шерхан тас жолы жөнделді. Бірақ, ең бастысы – Қазақстан тегін көмек аясында төрт жылдан бері өзінің ЖОО-ларында Ауғанстандық студенттерді оқытуда.  Қазақстан президенті Н. Назарбаев біздің студенттерді 2010-2015 жылдары оқыту үшін жағдай жасап, $50 млн бөлу туралы нұсқау берді. Ауғандық студенттердің басым көпшілігі Астана мен Алматының медициналық, ауыл шаруашылығы және политехникалық университеттерінде оқиды және бүгінге Қазақстанда білім алып жатқан студенттердің саны 900 адамға жетті.

Жақында мен Астанадағы Назарбаев университетінің ректорымен кездестім, ол да осы атақты ЖОО-да біздің студенттерді тегін оқытуға уәде берді. Сондай-ақ біз Қазақстанның Ауғанстанға көрсетіп отырған гуманитарлық көмегін де айта аламыз, әсіресе Бадахшан провинциясының Аргу ауданындағы жүздеген адамның өмірін қиған көшкін апат кезінде. Жағдайлардың  тоғысуынан сол уақытта жоғарғы мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаев Астанада барлық шетелдік елшілерді қабылдап жатқан және менімен жеке сұхбат барысында Қазақстан сыртқы істер министрінің алында президент мырза Бадахшанда зардап шеккендерге көмек ретінде тез арада ұн, қант, май және басқа да азық-түлік көмегін жеткізу туралы тапсырма берді және ол орындалды да.  

 

- Қазақстан мен Ауғанстан қандай халықаралық және аймақтық ұйымдарда ынтымақтасады және қазіргі әлемдік қауіп-қатерлерге қатысты олардың қандай ұстанымдары ұқсас немесе жақын?

 

- Қазақстан мен Ауғанстанның көптеген халықаралық және аймақтық ұйымдардағы пікірлестігі екі тату елдің қарым-қатынасын нығайтуға мүмкіндік береді және одан ары ынтымақтасуға серпін береді. Біз Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында және оның секторларында, Шанхай ынтымақтастық ұйымында, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында, «Ыстамбұл – Азияның жүрегі» процесінде және ондаған басқа да ұйымдарда ынтымақтастамыз және біздердің ұстанымдарымыз онда өте жақын тіпті бірдей десе де болады.

Аймақтағы және бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті нығайту үшін біз терроризммен күрес және есірткінің заңсыз айналымымен күрес аясында тығыз ынтымақтасамыз. Ауғанстан Қазақстан мен Орталық Азия өңірі үшін қалқан болып табылады, себебі Ауғанстан халықаралық терроризм мен Аль-Каидаға қарсы күрес жүргізуде екенін айта кетуім керек. Ауғанстан экономикасының баяу көтерілуінің себептерінің бірі де осында.

Ауғанстанның халықаралық қауымдастықпен уағдаластығы бойынша 2014 жылғы желтоқсанда НАТО халықаралық күштердің соңғы бөлімшелері Ауғанстаннан әкетіледі, және ауғандық қарулы күштер қазір мемлекеттік құрылымды, ұлттық тәуелсіздікті және елдің тұтастығын терроризмнен, оның ішінде Аль-Каидадан қорғауға дайын.

Сіз білесіз бе, Кеңестер Одағы ыдыраған соң Ауғанстан тұрақты әскерінен айрылды. Ауған армиясы қазір қару-жараққа, оқ-дәріге және әскери-әуе жабдықтарына мұқтаж. Қазір Ауғанстан күшті қалқан ретінде  халықаралық терроризм мен Аль-Каидамен соғысуда және сол соғыста бізге әрине әскери-әуе күштері, қарулар, оқ-дәрі мен әскери техника керек. Ауған халқы терроризмге қарсы күресуде және келешекте де қайсар қарсылық таныта бермек.

 

- Сіздің бөлмеңізде Ахмадшах Масудтың фотосуреті ілулі тұр екен...

 

- Марқұм Ахмадшах Масуд Ауғанстанның еркіндігі үшін күрескерлердің бірі болып табылады, және оның ел еркіндігі мен тәіуелсіздігі үшін күрестегі кіршіксіз есімін ел ешуақытта ұмытпақ емес, ол әр кез Ауғанстанның әр азаматының жүрегінде қалады. Ол өз халқының адал ұлы болатын және ең қиын кездері Ауғанстанның тұтастығын, беделін қорғады. Ахмадшах Масудтың ұмытылмас сіңірген еңбегін ескере отырып 2002 жылы Ауғанстан лойя жырғасы оған Ауғанстан Ұлттық батыры атағын берді. Ахмадшах Масуд Ауғанстан халқы үшін де, мен үшін де құрметті көшбасшы. Сөз соңында Сізге және  Сіздің әріптестеріңізге, сондай-ақ бауырлас және дос Қазақстан халқына денсаулық пен аман-саулық тілеймін.

 

ҚазТАГ анықтамасы

 

Доктор Мухаммад Фарук Бараки Қазақстандағы Ауғанстан Ислам Республикасының елшісі қызметіне 2013 жылы желтоқсанда тағайындалды. Ол Кабулда туылып, өсті, Кишинев, Минскі университеттерінде білім алды, КСРО СІМ дипломатиялық академиясын бітірді. Тәжірибелі ауған дипломаты СІМ экономикалық мәселелері бойынша департамент жетекшісі лауазымында қызмет атқарды, Ауғанстан шекарасының мәселелері жөніндегі және Ауғанстан қауіпсіздігі саласындағы департамент басшысы болды.  2005-2008 жылдары Өзбекстандағы Ауғанстан елшісі болды.

Ол Кабул тұрғындарының арасында кеңінен танымал, халық оны ауған парламенті – лойя жырғаға бес рет өз өкілі ретінде сайлаған. Мұхаммад Фарук Бараки мен оның әйелі доктор Вохида Бараки бес баланы тәрбиелеп отыр. Доктор Бараки парсыша (дари), пушту, орыс, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Ол дене тәрбиесі және спорт саласында жоғарғы білім алған, жеңіл атлетикада, шахмат пен үстелдегі тенистен спорт шебері. 


adimage