«Шымкентте университет қаржысын жымқырмақ болғандар анықталды»
ҚМА Шымкент қаласы бойынша департаменті М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру және қылмыстық жолмен алынған мүлікті заңдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлайды El.kz.
Күдіктілер қатарында ректордың міндетін атқарушы, қаржы және әкімшілік департаменттердің директорлары, сондай-ақ серіктес ұйымдардың басшылары бар.
«Тергеу нәтижесінде университет қызмет көрсету, құрылыс-монтаж жұмыстары мен тауар жеткізуге қатысты жалпы сомасы Т256 млн-ды құрайтын жалған келісім-шарттар жасағаны анықталды. Аталған жұмыстар іс жүзінде орындалмаған. Бюджет қаржысы жалған актілер негізінде байланысы бар компаниялардың шоттарына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған», - делінген агенттіктің хабарламасында.
Қылмыстық іс сотқа жолданды.
Мысыр әуежайында қаза тапқан әйелдің құрбысы денені Ақтөбеге жеткізуге көмек сұрайды
Шарм-эш-Шейх әуежайында көз жұмған Ақмарал Мұқанованың жан құрбысы Венера Искакова марқұмның денесін елге, Ақтөбе қаласына жеткізу үшін көмек сұрайды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат».
«Қайтыс болған Ақмарал Мұқанова менің жан құрбым. Бірінші сыныптан бері құрбымыз. 1980 жылы оқу бітіріп Алматыға кетті. Талдықорғанда заңгерлік мамандықты меңгерді. Ақтөбедегі Сазды полиция бөлімінде қызмет жолын бастады. Ақтөбе қалалық полиция басқармасынан зейнетке шықты. Кешегі болған жағдайды мен баласынан естідім. Сағат 12:00 шамасында әлеуметтік желі арқылы көріп, Ақмаралға хабарласам деп ойладым. Ұмытып кетіппін. Бір кезде баласы «Анамнан айырылып қалдым», деп жазыпты. Бұған дейін ол жаққа барғанын естіп, хабарласып отырдым. Хабарлама жазып, фотосын да жіберген еді. Баласы жанында елшіліктен адам бар екенін, денесін үш-төрт күн күтетінін, тергеу жүріп жатқанын айтты», — деді Венера Искакова.
Оның айтуынша, Ақмарал Мұқанова ұлымен саяхаттағанды ұнататын. Мысырға сапар да - сондай саяхаттың бірі еді.
«Ол телефон қуаттаймын деп тұрған, тақтай сол сәтте құлаған екен. Іс дұрыс тергелмей қала ма деп те алаңдаймыз. Мен қазір баланың жағдайын ойлап отырмын. Марқұмның денесін елге, Ақтөбеге жеткізсе дейміз. Ол Ақтөбеде тұрды. Астанаға көшкеніне 3 жыл ғана болды. Денені Қазақстанға әкелу үшін президенттен, үкіметтен, елшіліктен көмек сұраймыз», — деді құрбысы.
Журналист құдалықтағы көзбояушылықты сынады
Журналист Гүлимира Әбіқай қыз жасауына деп құдалардың үйіп-төгіп киім апару әдетін сынады, деп хабарлайды Skifnews.kz.
«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, осы кеткен қыздың артынан жөнсіз киім апаруды қою керек сынды. Төрт мезгілге төрт түрлі киімді қызыңыз киіп үлгермейді, жас келін жүкті болады, өлшемі өзгереді. Баласын емшектен шығарып, вечерге қайта қосылғанша бұл көйлек-көншек сәннен қалады», - деді ол.
Журналист онсыз да ұзатуды кредитке жасап, артынан қарызданып киім апару түкке қажет емес деп есептейді.
«Кешегі қыз, жаңа әулетке келін. Жас келінді сынамай сыйлап, жаңа жұрты киімін жаңартып, күйеуі тозғанын бүтіндеуі парыз. Артынан киім әкелмеді, әкелген киімінің сиқын қара тағы басқа деп кінәлайтын ата-ене оригинал бренд топтамасын апарсаңыз да ілік табады. Мәселенің бәрі киімде емес, қарап тұрсаң тым ерсі әрі ысырап. Киімі бар болсын, жоқ болсын, келінді киіміне емес ибалы мінезіне қарап бағалаймыз», - деді журналист.
Гүлмира Әбіқайдың айтуынша, кейінгі кезде қыз артынан апарған киімдерді уақытша жалға алу деген шыққан. Құдалық біткен соң, этикеткасы бүлінбеген киімдерді қайтадан өткізе салады.
«Депутат Бәшімов жемқордың туыстарының, көңілдесінің мүлкін тәркілеуді ұсынды».
Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов бас прокурор Берік Асыловқа хат жолдап, жемқорлық әрекеттен түскен мүлікті тәркілеу аясын кеңейтуді ұсынды. Ол жемқордың туыстары, тіпті көңілдесі атына жазылған мүлікті де тәркілеу керек деп есептейді, деп хабарлайды «Курсив».
«Мүлікті тәркілеуді кеңейту өте маңызды. Себебі әлемде біздегідей көп ұрлаған ел жоқ», – дейді депутат.
Оның айтуынша, елдегі заңнамада үшінші бір адамдардың атына жазылған мүліктер мен активтерді тәркілейтін заң жоқ. Сол себепті көптеген адам жауапкершіліктен сытылып кетіп жатыр.
«Ал ұрлаған мүлкін туыстарының, көңілдестерінің және басқа да адамдардың атына жазылған сотталушы алаңсыз отыра береді. Кейін сол активтерімен, ақшасымен рахаттанып өмір сүреді», – дейді мәжілісмен.
Фото көзі: Ашық дереккөз