«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов Қызылордаға барды

Қызылорда. 22 қазан. ҚазТАГ - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына келді, деп хабарлады облыстық ішкі саясат басқармасынан.
Хабарда атап көрсетілгендей, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары А.Мырзахметов жұмыс сапарымен Қызылорда облысына барды. Жұмыс сапары барысында өңірдегі партияның бастауыш ұйымы мүшелерімен де кездесу өткізіліп, ондағы атқарылып жатқан шаруалардың барысы туралы ашық пікір алмасу орын алды.
Партияның жастар саясатын жүзеге асыру бағытындағы жоспарлары талданып, Жастар қанатының жұмысын практикалық тұрғыдан жүргізу мәселесіне көңіл бөлінді.
Сондай-ақ партия сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеология мен жұмысты барлық деңгейдегі, оның ішінде жергілікті жердегі партиялық құрылымдарды да тарта отырып күшейтпек.
Жиында партияның жаңа медиа саясатын әзірлеу мәселесі де талқыланды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелендіріліп, БАҚ-та жаңа айдарлар мен бағдарламалар ашылмақ. Партия мен БАҚ арасында пікір алмасу алаңы құрылып, рухани құндылықтарды дәріптейтін жаңа жобалар қолға алынбақ.
Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан «Өндіріс» индустриалды аймағының құрылысымен танысып, «Жолаушылар вагондарын жөндеу» кәсіпорнындағы бастауыш партия ұйымы мүшелерімен кездесу өткізді. Облыста тіркелген 265 бастауыш партия ұйымдарының ішінде «Жолаушылар вагондарын жөндеу» зауытындағы ұйым үздіктердің қатарында. Еңбеккерлермен жүздескен А.Мырзахметов филиалдар мен БПҰ арасындағы жұмысты күшейту бағытында олардың материалдық-техникалық және әдіснамалық базасын нығайту жұмыстары атқарылғанын айтты. «5700-ге жуық бастауыш партия ұйымдары - «Нұр Отанның» негізгі күші»,- деген А.Мырзахметов мұндай әлеуетті дұрыс пайдаланып, партия белсенділерін өңірлерде кездесетін көптеген өзекті мәселелердің дер кезінде шешілуіне атсалысуға шақырды. Жыл соңында бастауыш партия ұйымдарының 1-ші республикалық форумын өткізу жоспарланғанын жеткізіп, ортақ мүддеге қызмет ететін бастамалар көтеруге үндеді, делінген хабарда.

adimage