Нұр-Сұлтан-Анталия ұшағы ақауы салдарынан басқасына ауыстырылды

Күні: 17:43, 05-07-2019.

Астана. 5 шілде. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтан-Анталия ұшағы ақауы салдарынан басқасына ауыстырылды, деп хабарлады Қазақстанның индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің азаматтық авиация комитетінің (ААК) баспасөз қызметінен.
«SCAT» әуе компаниясының ақпары бойынша Нұр-Сұлтан - Анталия бағытындағы бортында 228 жолаушысы бар Boeing-757 әуе кемесінің DV-475 рейсі 5 шілдеде түнгі сағат 2.00-ге жоспарланған еді. Алайда ұшақтан ақау табылып, рейс күндізгі 10.00-ге ауыстырылған болатын. Ұшақ ақауын жөндеуге уақыт көп кетіп, рейстің уақыты тағы да 11.00-ге шегерілген. Кейін ақаудың оңайлықпен жойылмайтыны анықталып, әуе компаниясы осындай түрдегі басқа ұшақ шығару туралы шешім қабылдады», - деп хабарлады жұмада ААК-нен.
Хабарда атап өтілгендей, қазіргі таңда аталмыш ұшаққа Алматы әуежайында жоспарлы техникалық қызмет көрсетілуде.
«Әуе кемесінің Алматы қаласынан ұшуы жұмыстар аяқталған соң 13.00-ге ауыстырылған. Әуе кемесі Нұр-Сұлтанға келгеннен кейін DV-475 рейсі 15.30-да ұшады деп жоспарлануда. Аталмыш рейс кешіктірілген уақыт ішінде барлық жолаушыларға салқындатылған сусындар, тамақ пен қонақ үй ұсынылды», - делінген хабарда.


Жаңалықтармен бөлісу: