Астана. 1 қазан. ҚазТАГ – Валентина Владимирская. Нұр-Сұлтанда байланыс сапасы проблемасын 50 діңгекті құрылғылар арқылы шешу жоспарлануда, деп мәлімдеді ҚР цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев.
«Энергетикаға қосылу мүмкіндігі, тиісті діңгекті құрылғылар, инфрақұрылым болмағандықтан базалық стансаларды қондыру жүзеге асырылмауда. Сондықтан министрлік Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен Щучинск-Бурабай аймағы пилоттық жобасында жұмыстар жүргізді, ол жұмыстардың арқасында әкімдік тартқан жеке компаниялар салған діңгекті құрылғыларға тиісті базалық стансалар қондыру мүмкіндігі туды», - деді Жұмағалиев сейсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Нәтижесінде, оның айтуынша, аталмыш аймақтағы сапа барынша жақсарған.
«Қазір біз Нұр-Сұлтан әкімдігімен де сондай жұмыс жүргізіп жатырмыз. 50 діңгекті құрылғы қала бойынша орнатылатын болады. Көптеген сұрақтар реттеледі», - деді министр.
Ары қарай министрлік, оның айтуынша, Павлодармен және Алматымен, сондай-ақ басқа да өңірлермен осындай жұмыс жүргізеді.
«Мұндай жұмыстар өңірлердегі ұялы байланыс сапасы мен тұрақтылығын арттырады деп ойлаймын», - деді министр.
Оның пікірінше, 5G – барлық технологиялық мәселелерді: көлікті цифрландыру, қауіпсіздік мәселесі секілді проблемаларды шешетін технология.
Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанның 5 мыңнан астам ауылында кең жолақты интернет жоқ, оларды 2022 жылдың аяғында қосу жоспарлануда.
«Қазақстанда 5G енгізу бойынша жоспар келесідей: 1. 2020 жылдан бастап 2022 жылдың аяғына дейін республикалық маңыздағы Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларындағы өнеркәсіптік нысандарда 5G желісінің құрылысын бастау жоспарлануда. 2. Облыс орталықтарын 5G желісімен 2023-2025 жылдары қамту жоспарлануда», - деп мәлімдеді Жұмағалиев.
Нұр-Сұлтанда байланыс сапасы проблемасын 50 діңгекті құрылғылар арқылы шешу жоспарлануда
