Алматы. 3 маусым. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтанда белгісіз ер адам ұрлап кеткен баланы Қостанай облысынан тапты, деп хабарлады өңірдегі полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметінен.
«2019 жылдың 1 маусымында «Құқықтық тәртіп» шүғыл-профилактикалық шарасы барысында Ұзынкөл ауданының полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Асылбек Молдағалиев Речное ауылында баламен жүрген белгісіз әйелді байқаған. Полицей одан кімге келгенін сұрай бастаған. Ол абыржып, дұрыс жауап бере алмай, өзін басқа атпен таныстырған. Құжаттарын тексеру барысында ол әйелдің Нұр-Сұлтан қаласынан келгені, ал баланың ешқандай құжаты жоқ екені белгілі болған», - делінген дүйсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, полицей шұғыл түрде кәмелетке толмаған бала мен өзін оның анасы етіп таныстырған әйел туралы ақпараттық жүйе бойынша мәліметтерді тексерген.
«Белгілі болғандай, тоғыз жасар балаға елордада іздеу жарияланған болып шыққан. Баланың анасы ата-аналық құқығынан айырылған және оны заңсыз алып кеткен. Полицейлер баланы әкесіне – заңды өкіліне берді», - делінген хабарда.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде және белгілі елордалық пабликтерде тоғыз жасар баланы Нұр-Сұлтанда Солтүстк жағалаудағы аудандардың бірінде ауласынан белгісіз ер адамның алып кеткені туралы хабар тараған еді. Балаға іздеу жарияланған.
Нұр-Сұлтанда белгісіз ер адам ұрлап кеткен баланы Қостанай облысынан тапты
