Нұр-Сұлтанда «Хан-Шатыр» СОО-да сегіз жасар Ажар Қабылованың өлімінен кейін мектеп жанындағы лагерь жоспардан тыс тексерілуде

Астана. 10 шілде. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтанда «Хан-Шатыр» СОО-да сегіз жасар Ажар Қабылованың өлімінен кейін мектеп жанындағы лагерь жоспардан тыс тексерілуде, деп хабарлады ҚР білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Хан Шатыр" сауда-ойын орталығындағы "Sky Beach Club" бассейнінде қайтыс болған Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектеп-гимназиясы оқушысының әкесінен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне 3 маусым күні өтініш келіп түсті. Аталған жағдай бойынша барлық мәселелер ҚР Білім және ғылым министрлігінің тұрақты бақылауында. Осыған байланысты, 9-10 шілде аралығында ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетімен № 10 мектеп-гимназиясының мектеп жанындағы лагерінің қызметіне жоспардан тыс тексеріс ұйымдастырылды», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
Хабарда атап өтілгендей, аталған факті бойынша 2 қылмыстық іс қозғалғандығын айта кеткен жөн. Мектеп жанындағы лагерьдің жұмысына байланысты барлық материалдар Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіне жіберілді.
«Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша және №10 мектеп-гимназиясы директорының қайтыс болған қыз туралы БАҚ-қа берген сұхбатындағы қате айтылған фактілерді ескере отырып, аталған лауазымды тұлғаға және сынып жетекшісіне қатысты ҚР ӘҚБтК 409-бабының 1-тармағына сай "Педагог қызметкердің міндеттерін және педагогикалық этика нормаларын орындамауы немесе тиісінше орындамауы" бойынша сот арқылы әкімшілік жауапкершілікке тарту жөніндегі әкімшілік хаттамалар жасалды. Бүгін мектеп директоры суға кеткен қыздың ата-анасының наразылығын тудырған сұхбат үшін ресми түрде кешірім сұрады», - делінген хабарда.
Бұған дейін №10 мектеп-гимназиясының директоры Мәрзия Ташенова БАҚ-қа берген сұхбатында «қыз баланың денсаулығында қандай да бір проблема бар» деп мәлімдеген еді, алайда денсаулық паспорты «таза» болды, ешқандай қойылған диагноз жоқ. Директордың айтуынша, «қайтыс болған қыз баланың анасы баласының ауруын мойындамаған, дегенмен дәрігерлердің қорытындысынан кейін көндіккен». Ташенованың айтуынша, сәуір айының соңында мектеп қызметкерлері қыз баланы «комиссияға жіберген, сол жақта қыз балаға «органикалық генез түрінде психикалық дамуы тежелген» деген диагноз қойылған. Мектеп директорының мәлімдемесі қаза болған баланың ата-анасының наразылығын тудырған.

adimage