Нұр-Сұлтанда саяси белсенді Дулат Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды

Астана. 28 мамыр. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтанда саяси белсенді Дулат Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс тоқтатылды, деп хабарлады елордалық прокуратураның баспасөз қызметінен.
«Ағаділ өлімінің себептері мен жағдайларын тәжірибелі сот-медициналық сарапшылар мен жоғары санатты кардиолог маман егжей-тегжейлі тексерді. Олардың қатарында Ағаділдің жақын туыстарының өтініші бойынша тартылған сарапшылар болған. Олар Ағаділдің өлімінің жіті инфаркт миокардасынан болғанын анықтады. Сарапшылар Ағаділдің денесінен дене жарақаттарын анықтамады. Соған байланысты 25 мамырда Ағаділдің өлімі бойынша қылмыстық іс қылмыстық құқықбұзушылықтың болмауы салдарынан тоқтатылды», - делінген бейсенбіде таратылған хабарда.
Қадағалаушы органның айтуынша, «тергеу оның өліміне себеп болуы мүмкін барлық жайттар хронологиясын жасады».
«Ағаділ ешқайда шықпау туралы қолхатты бұзып, тергеу органына бармай, іздеу жарияланған күдікті болатын. Осыған байланысты сот оның бұлтартпау шарасын қамауға алуға ауыстырды. Осылайша, Ағаділді ұстау және оны қамауға алуды полиция қызметкерлері сот шешімінің міндетті түрде орындалуы туралы заң талабы аясында жүргізілген», - деп мәлімдеді прокуратурадан.
 Еске салсақ, саяси белсенді Дулат Ағаділ Нұр-Сұлтанда 25 ақпанда тергеу изоляторында қайтыс болды. Полиция ол мас болған-мыс және жүректен кетті деп санайды. Кейін ондаған қарсылық білдіруші Нұр-Сұлтанда Тәуелсіздік даңғылын жауып тастап, ІІМ басшылығының түсінік беруін талап етті. Азаматтар ашық сот-медициналық сараптамасын өткізуді талап етті. Күш құрылымдары белсенділерді полицейлік автобустарға күштеп отырғызып, белгісіз бағытта алып кеткен. Көшені жауып тастағандарды полицейлер «арандатушылар» деп атады. Кей ақпар бойынша шамамен 50 адам ұсталған, олардың біреуінің қолы сынған. Қазір ғаламторда Ағаділді ұстау кезіндегі видео тарап кетті – ұсталғандар азаматтық киім киген, беттерін жауып, өздерін таныстырудан бас тартты, саяси белсендінің қолына кісен салып, азаматтық нөмірі бар көлікпен алып кетті. Кейін белгілі болғандай, тергеу изоляторындағы бақылаушы Ағеділдің камерада бірнеше мәрте жүрегінің айнығанын білген. Белсенділер өздерінің жақтастарының өлімін тексеру жөнінде штаб құрды. Қазақстандық адам құқығы жөніндегі халықаралық бюро директоры Евгений Жовтис Ағаділдің денесін тәуелсіз сарапшы-дәрігерлер тексеруі қажет деп санайды.
26 мамырда қаза болған саяси белсендінің отбасының мүддесін білдіруші, қорғаушы Ғалым Нұрпеисов Дулат Ағаділ көз жұмған күні тергеу изоляторында кезекшілікте болған кінәлілерді қылмыстық жауапқа тарту туралы арыз жазғанын айтқан еді.

adimage