Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша Астана процесі аясындағы кезекті кездесудің нақты уақыты аталды

Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтанда Сирия бойынша Астана процесі аясындағы кезекті кездесудің нақты уақыты аталды, деп хабарлады Қазақстанның СІМ баспасөз қызметінен.
«2019 жылғы 25-26 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 12-ші халықаралық кездесу өтеді. Астана форматында бұрын өткен сирияаралық келіссөздерге ұқсас, алдағы кездесуде Иран, Ресей мен Түркия, Сирияның үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен Иорданияның бақылаушылар деңгейіндегі делегациялар қатысады», - делінген сейсенбіде таратылған хабарда.
СІМ хабарлағандай, келіссөздердің кезекті раунды Сирия бағытында ең өзекті мәселелерді, соның ішінде Идлиб провинциясы мен Сирияның солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді одан әрі нығайтуға бағытталған шараларды, сондай-ақ босқындар мен ел ішіндегі қоныс аударған адамдарды қайтаруға қолғабыс көрсету, гуманитарлық жағдайды жақсарту және елді қақтығыстан кейінгі қайта қалпына келтіру мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. .
«Сонымен қатар, алдын ала күн тәртібіне сәйкес, Сирия бойынша конституциялық комиссияны құру және іске қосу бойынша жұмысты аяқтауға баса назар аудара отырып, саяси процесті одан әрі ілгерлету жолдарын талқылау, сондай-ақ Астана процесіне жаңа бақылаушы мемлекеттердің қосылу мәселесі қарастырылады», - деді СІМ.
25 сәуірде Астана процесінің кепілгер елдерінің екіжақты және үшжақты консультациялары, сондай-ақ байқаушы тараптарының өкілдерімен кездесулері, ал жалпы отырыс 26 сәуірде өтеді.
«Сонымен бірге, Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 12-ші халықаралық кездесу шеңберінде Тұтқындарды босату, қаза тапқандардың денелерін табыстау және із-түзсіз жоғалғандарды іздестіру бойынша жұмыс тобының 8-ші отырысын өткізу жоспарланып отырғанын ескере отырып, аталған отырысқа қатысу үшін БҰҰ босқындар істері жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының және Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің өкілдеріне тиісті шақырулар жолданады», - делінген хабарда

adimage