Нұр-Сұлтанда тағы бір науқас коронавирустен көз жұмды

Астана. 31 наурыз. ҚазТАГ – Мәдина Әлімханова. Нұр-Сұлтанда тағы бір науқас коронавирустен көз жұмды, деп хабарлады елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кісікова.
«31 наурызда тағы бір адам өлімі тіркелді. Науқастың жұмысы жиі іссапарлармен байланысты болған, ол медициналық көмекке жүгінбеген», - деді Кісікова сейсенбідегі брифингте.
Бұл ретте ол атап өткендей, марқұмның отбасы мүшелері мен әріптестерінен тұратын 30-дан астам адам карантинге жатқызылған, тағы 55 адам үй карантиніне алынған, ал отбасындағы екі адамнан коронавирустық инфекция табылған.
Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытайда этиологиясы белгісіз пневмония ауруы тіркелді. Соңғы мәліметтерге сәйкес, COVID-19 коронавирусынан туындаған пневмониямен ауыратын науқастардың жалпы саны жүздеген мыңнан асса, қайтыс болғандар ондаған мыңнан астам.
2020 жылдың 30 қаңтарында Қазақстан Қытайға автобус қатынасын (29 қаңтардан бастап), жолаушылар пойыздарын (1 ақпаннан) және әуе қатынасын (3 ақпаннан) тоқтататындығы белгілі болды. 6 ақпанда «Қазпошта» Қытаймен пошталық байланысты тоқтатты. 1 наурыздан бастап Қазақстан Оңтүстік Корея және Иранмен әуе тасымалын қысқартты.
Сондай-ақ, коронавирус Венгриядағы қазақстандықтан да табылды.
15 наурызда Қазақстан президенті Тоқаев 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай жариялау туралы өкім етті.
17 наурызда ҚР президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ететін Мемкомиссия Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 19 наурыз сағат 00.00-ден бастап карантин режимін енгізді. Соған байланысты азаматтар мен көліктердің кіруіне және шығуына шектеу енгізілген. 28 наурыздан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматыда және Шымкентте карантин шаралары күшейтілді.
Бұған дейін Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың 325 жағдайы тіркеліп, 21-і жазылып, бір адам көз жұмған еді.

adimage