Нұр-Сұлтандағы құдықта төрт адамның қаза табуын еңбекминінің арнайы комиссиясы тексеретін болады

Астана. 24 мамыр. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтандағы құдықта төрт адамның қаза табуын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің арнайы комиссиясы тексеретін болады, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.
«Нұр-Сұлтан қаласында «Астана Су Арнасы» МКК-ның төрт қызметкері қаза табу нәтижесінде орын алған топтық жазатайым оқиғаның себептері мен жағдайларын анықтау үшін, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бұйрығымен арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Нұр-Сұлтан қаласының Бас мемлекеттік еңбек инспекторы басқарады. Оның құрамына қызметкерлер мен жұмыс берушінің өкілдері кірді», - делінген бейсенбідегі хабарда.
Еске салсақ, бұған дейін хабарланғандай, Нұр-Сұлтанда Оқушылар сарайының артындағы құдыққа құлап, төрт адам метаннан уланған болатын. Кейін белгілі болғандай, құдыққа құлап, мерт болғандардың барлығы «Астана су арнасы» кәсіпорны бригадасының құрамында жұмыс жасаған. Жұмысшылардың қаза болу дерегі бойынша полиция ҚР ҚК 156 бабы (екі және одан да көп адамның өліміне алып келген еңбекті қорғау ережесінің бұзылуы) бойынша тергеуді бастады.

adimage