Нұр-Сұлтанда жедел-жәрдем бригадасына шабуыл жасаған күдікті ұсталды

Күні: 17:49, 21-08-2019.

Астана. 21 тамыз. ҚазТАГ – Нұр-Сұлтанда жедел-жәрдем бригадасына шабуыл жасаған күдікті ұсталды, деп хабарлады елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
«21 тамызда шамамен 3.20-да жедел-жәрдем бригадасы кезекті шақыртуға шыққан, жолда олар жатқан адамды көреді. Дәрігерлер оған көмек көрсетпек болады, алайда ол ақ халаттыларға шабуыл жасайды. Ер адам өзін дөрекі ұстап, жүргізушіні ұрып, дәрігерлер бригадасын да соққыға жықпақ болады, жедел-жәрдем көлігіне зақым келтіреді. Шұғыл түрде келіп жеткен полиция жасағы оны ұстап, «Сарыарқа» (ПБ) полиция басқармасына жеткізеді», - деп хабарлады ҚазТАГ ХАА тілшісіне сәрсенбіде Нұр-Сұлтандағы ПБ-нен.
Полицейлер атап өткендей, медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, 28 жасар жігіт алкогольді масаң күйде болған.
«Бұзақылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді ПБ-нен.


Жаңалықтармен бөлісу: