Нұрсұлтан Назарбаев Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты

Күні: 13:20, 10-10-2018.

Астана. 10 қазан. ҚазТАГ – ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев халық жазушысы Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Мемлекет басшысы Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шерхан Мұртазаның қайтыс болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады», - деп хабарлады сәрсенбіде Ақордадан.
Президент атап  өткендей, Шерхан Мұртаза бүкіл ғұмырын төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің дамуына арнаған біртуар азамат, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған нар тұлғалы қаламгер, қарымды қоғам қайраткері болды. Ұлт руханиятында өзіндік қолтаңбасы бар заңғар жазушы соңына мол мұра, өрісті өнеге қалдырды.
«Шерхан Мұртаза қазақ журналистерінің бірнеше буынын тәрбиелеген ұлттық баспасөздің биік бәйтерегі еді. Қашанда әділдік пен ақиқаттың алдаспаны болғаны үшін қара сөздің зергері, шындықтың шырақшысы атанған Шерхан Мұртазаны халқы «Шерағаң» деп қадір тұтты. Сонау Теміртаудағы еңбек жолымның тікелей куәсі болған ол Тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған жылдарда да жанымда жүріп, елді ілгерілету ісіне зор үлес қосты. Шерхан Мұртазаның қазақ руханиятындағы орны мен жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды деп сенемін», - делінген мемлекет басшысының жеделхатынд.  
Еске салсақ, 9 қазан күні ғұмырының 87-ге қараған шағында Қазақстанның халық жазушысы, Қазақ КСРО еңбегі сіңген мәдениет қайраткері Шерхан Мұртаза дүниеден озды.  
Ш.Мұртаза өзінің шығармашылық жолын студенттік жылдары Лазарь Лагинннің «Хоттабыч қарт» («Старик Хоттабыч») пен Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» («Радость нашего дома») шығармаларын қазақ тіліне аударудан бастаған. «Құрылысшы Даку» алғашқы очерктер жинағы 1958 жылы жарыққа шықты. Ш.Мұртаза «Қара маржан», «Қызыл жебе» романдарының, «Сталинге хат» пен «Бесеудің хаты» пьесаларының авторы. Оның шығармалары әлемнің көптеген тілдеріне аударылған.
Лазарь Лагинннің «Хоттабыч қарт» («Старик Хоттабыч») пен Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» («Радость нашего дома») шығармаларынан басқа ол венгер халық ертегілерін, Ганс Христиан Андерсан мен Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.


Жаңалықтармен бөлісу: