- Сіз КСРО құлауынан кейінгі Тәжікстан мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастық жағдайын қалай бағалайсыз?
- Тәжікстан мен Қазақстан арасында саясат, экономика, мәдениет және тағысын тағы секілді салалардағы ынтымақтастық туралы 93 құжатқа қол қойылған. Душанбе мен Астананың арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың кеңеюі мен нығаюының маңызды факторы мемлекет басшылары – Эмомали Рахмон мен Нұрсұлтан Назарбаевтың интеграциялық үдерістерді дамытуды мақсат еткен саяси еркі мен тұрақты күш-жігері болғаны күмәнсіз. Бүгінгі таңда біздің қатынастар сапалы өрлеуді бастан кешіруде. КСРО кезіндегідей, Тәжікстан мен Қазақстан арасында визасыз режімнің сақталып келе жатқанын, ал әуе бағыт-хабарының тіпті азаматтық соғыс кезеңінде де тоқтамағанын ерекше атап өткім келеді. Оған қоса жыл сайын рейстердің саны ұлғайып, сервис сапасы өсіп келеді. Тіпті визасыз режімнің бар болуы да бізге әр республиканың ұлттық көші-қон заңнамасы талаптарын сақтау саласында босаңсуға мүлде желеу бермейтінін атап өтуге тиіспін. Бұған қатысты Тәжікстан мен Қазақстан азаматтарының келіп жеткен елдеріндегі тәртіптілігін баса айтқым келеді. КСРО құлағаннан кейін және мемлекеттік тәуелсіздіктің орнау кезеңінде біздің екіжақты байланыстар теңдік, ағайындық және көршілестік негізінде дамуын жалғастырды. Тәжікстандықтар мен қазақстандықтар біздің елдерімізге келе отырып, еңбек көші-қоны, сауда мен инвестициялауға, сондай-ақ білім алуға қажетті барлық жағдайға ие.
- Осыған орай сұрақ: елдер арасында білім беру мен жастарды тәрбиелеу саласында қандай бірлескен жоспарлар бар, олар қалай тұрмысқа асуда?
- Бұл бағытта біз жеткілікті дәрежеде тығыз қызметтесеміз. Қазақстан мен Тәжікстанның ЖОО-ларында оқитын студенттердің саны жылма-жыл өсіп келе жатыр деп айта аламын. Бүгінде 100 тәжік студентке Қазақстан ЖОО-ларында білім алуға арналған квота әрекет етеді, және де сонша жас адам жыл сайын Қазақстаннан біздің елге оқуға келеді. Бірлескен білім беру бағдарламасының аясында Тәжікстан мен Қазақстан қазақстандық тәжіктердің негізгі саны өз ана тілінде оқитынын ескереді. Сондықтан екі елдің президенттері Қазақстанда тұратын тәжік диаспорасының өкілдеріне Тәжікстанның үздік деген ЖОО-ларында 100 бағыт пен мамандық бойынша оқуларын жалғастыру мүмкіндігін ұсынуды қажет деп тапты.
- Қазақстан ЖОО-ларында оқитын тәжік студенттердің жалпы саны қаншалықты? Қандай мамандықтар анағұрлым сұранысқа ие?
- Тәжік студенттер Қазақстанда көптеген салаларда білім алуға ұмтылады. Әсіресе оларды мұғалімнің, инженердің, дәрігердің, әскеридің, тілшінің, ғалымның, журналистің, агрономның, құрылысшының, сондай-ақ бейнелеу және саз өнері саласының мамандықтары қызықтырады. Мұнда біздің күштік органдар – ІІМ, МҰҚК, Тәжікстанның кедені жыл сайын Қазақстанның мамандандырылған ЖОО-ларына өз студенттерін жібереді. Қазіргі таңда Қазақстанда білім алып жүрген Тәжікстан азаматтарының жалпы саны 150 адамға жетеді. Студенттердің оқуы мен өмір сүруі тегін екенін атап өту қажет, өйткені келісімге сәйкес қазақтар тарапы барлық шығынды өз мойындарына алды.
- Ал қазақ-тәжік экономикалық ынтымақтастығының жалпы картинасы сан тұрғысынан қаншалықты? Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналым көлемі қандай?
- Біздің елдер арасындағы сауда ынтымақтастығы өсіп келеді, өзара іс-қимыл жыл сайын ұлғаюда. Қазақ инвесторлары мен банкирлерінің Тәжікстан экономикасына деген қызығушылығы артып отыр. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, елдер арасындағы тауар айналым 2013 жылы $711 млн-ды құрады. Осы жылы тауар айналым қаңтардан тамызға дейін $421,8 млн-ды құрады, бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 105,6%-ға көп.
- Сіз Тәжікстан мен Қазақстан арасындағы экспорт-импортта басым маңызға ие тауарлар ассортиментінің ерекшеліктерін тәптіштеп айтып бере алмайсыз ба?
- Біздің ел Қазақстанға жеміс-жидек, кептірілген жемістердің сан алуан түрін, көкөніс экспорттайды. Шикізаттық бағыттағы тауарлардың ішінен – құрамында күмісі бар кен мен қорғасын концентратын. Ал Қазақстаннан Тәжікстанға ұн, астық, дәрі-дәрмек, ағаш, құрылыс материалдарын, цемент пен т.б. импорттаймыз. Тәжікстанда 47 тәжік-қазақ фирма мен БК қызмет етеді.
- Сіздің пікіріңізше, Тәжікстан мен Қазақстанның ынтымақтастығындағы қолда бар әлеует түгелдей іске асырылып отыр ма?
- Әрине, біздің елдердің іскерлік ынтымақтастығындағы қолда бар мүмкіндіктер түгелімен пайдаланған жоқ. Тәжікстанда қазақ инвесторлардың қатысуы қажет салалар бар. Бізде, мысалы, еркін экономикалық аймақтар кеңейіп келеді. Сондықтан қазақ инвесторлардың сондай аймақтардағы, сондай-ақ барлау және кен өндіру, СЭС жобалау саласындағы жобаларға көбірек қатысуын қалар едік. Оның үстіне Қазақстан бай инвестициялық мүмкіндіктерге ие. Тәжікстан фармакологиялық саласы да қазақ инвесторлардың қатысуы үшін ауқымды әлеуетке ие. Бірақ әзірге олардың қатысуы болмашы ғана. Дегенмен, дәл сол тілектерді тәжік инвесторларына қатысты айтсақ та орынды, олардың Қазақстандағы белсенділігі үлкен емес. Біз тек сауда-экономикалық қана емес, сонымен бірге мәдени салада тығыз ынтымақтасып, ақындар мен жазушылар, журналистер, суретшілер, әншілер, кино және театр қайраткерлері, музыкалық топтар мен спортшылар арасындағы байланыстарды кеңейтуге тиіспіз. Бұл екі халықтың жақындасуына мұрындық болады.
- Қазақстан мен Тәжікстан көптеген халықаралық ұйымдардың мүшесі болып табылады. Сол ұйымдардың қайсында Душанбе мен Астана ұқсастау позицияға ие?
- Сіз дұрыс байқағаныңыздай, Тәжікстан мен Қазақстан БҰҰ және оның бөлімшелерінен бастап ТМД және оның бөлімшелері – ҰҚШҰ, ШЫҰ, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы және көптеген басқа ұйымдарға дейінгі көптеген халықаралық ұйымдардың мүшелері болып табылады. Біздің позициялар терроризммен, экстремизммен, адам ұрлығымен, есірткі және қару-жарақ контрабандасымен күрес секілді проблемаларда жақын. Біздің көзқарастарымыз адам құқықтары мен бостандықтарын сақтауға қатысты да сәйкес келеді.
- Бұрынғы Кеңестің үш елі – Ресей, Қазақстан және Беларусьтің халықтары жаңа жылдан бастап бірыңғай еуроазиялық экономикалық одақта өмір сүретін болады. Бұл құрамаға Тәжікстанның да ықтимал қосылу келешектеріне қатысты не айта аласыз?
- Аталған одақтың қатарына қосылу-қосылмау жайы үкімет пен елдің ұлттық мүдделерінің саяси еркіне тәуелді деп санаймын. Елдің қандай да бір ұйымдарға енуіне арналған себептер әртүрлі болуы мүмкін. Мұнымен қатар әр мемлекет ұйымдағы мүшелік оған қандай пайдалар немесе ауыртпалық әкелетінін таразылап алады, ал ол, белгілі болғандай, тек әлденендей құқық беріп қана қоймай, белгілі бір міндеттемелер де үстейді. Мінеки сол себепті Тәжікстан қазіргі таңда ЕАЭО-ға қосылу мәселелері жөніндегі барлық аспектілерді бөлшектеп зерттеп, терең талдау жүргізіп жатыр. Сонымен бірге Тәжікстанның ДСҰ-ға мүше болып табылатынын есте ұстаған жөн. Бұл аталмыш интеграциялық құрамаға мүшелік мәселесі бойынша мейлінше жан-жақты талдау пайдасына қосымша дәлел болып табылады.
- Сұхбатыңыз үшін рақмет.