Назарбаев 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеуді тапсырды

Күні: 17:48, 11-09-2018.

Астана. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана активімен кеңес өткізді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Дамудың жаңа моделін енгізу қажет. Инновацияны ілгерілету және креативті адамдардың көбеюі үшін қолайлы орта қалыптастырған жөн. Сол үшін қаланың 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясын әзірлеу керек», - деп келтірілген Н.Назарбаевтың сөзін сейсенбіде Ақорда сайты.
Елбасы «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалана отырып, Астананы іскерлік қаржы хабы ретінде дамытуды жалғастыру қажет екенін айтты.
«Қазақстан Президенті қаланың инфрақұрылымын дамыту қарқынын сақтаудың және шаһарды газбен қамту үшін дайындық жұмыстарын жүргізудің маңыздылығын айтты. Нұрсұлтан Назарбаев елорданың туристік әлеуетін дамыту ісінде әлемнің үздік тәжірибелерін қолдануды тапсырды», - делінген хабарда.
Мемлекет басшысы жаңа тұрғын үйлер салу, тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау, әлеуметтік нысандар тұрғызу мәселелеріне ерекше назар аударды.
Елбасы қаланың барлық мемлекеттік құрылымдарының жұмысын трансформациялауды жалғастыру, көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын арттыру және цифрландыру бағдарламасын іске асыру мәселелерін Астананы одан әрі дамытудың басымдықтары ретінде ерекше атап өтті.
Еске салсақ, мемлекет басшысы Астана әкімін ауыстырды. ҚР президенті әкімшілігінің басшысы Әсет Исекешевтің орнына қаржы  министрлігінің экс-басшысы Бақыт Сұлтанов тағайындалды.


Жаңалықтармен бөлісу: