Назарбаев Ақтөбедегі Энерготиімділік орталығының технологиясына оң баға берді

Астана. 16 қазан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбедегі Энерготиімділік орталығының технологиясына оң баға берді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Елбасы орталықтың жұмысымен танысты. Оның негізгі міндеті – баламалы энергетика технологиясын көрсету және тұрғын үйлерді ыстық сумен, жылумен және электр қуатымен қамтамасыз ету үшін оны пайдалана білуге үйрету», - делінген сейсенбіде Ақорда сайтында жарияланған хабарда.  
Хабарда нақтыланғандай, орталықтың ғимараты күн панелдерімен, газ поршенді станциямен, геотермальді жүйемен, сондай-ақ жел генераторларымен жабдықталған. Мұнда Қала тіршілігін қамтамасыз ету және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инженерлік желілеріне мониторинг жүргізу орталығы, Халыққа қызмет көрсету орталығы, Облыстық ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығы, Ақтөбе қаласының «Алматы» ауданы әкімінің аппараты орналасып, жұмыс жүргізуде.
Нұрсұлтан Назарбаев енгізілген жаңалықтарға оң баға беріп, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде таныстырылған «жасыл» технологияларды тәжірибеде қолданудың маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар, Ақтөбе қаласының әкімі Қазақстан Президентіне облыс орталығының даму барысы, сондай-ақ Ақтөбе агломерациясын, «SmartCity Ақтөбе» жүйесін және қаланың қоғамдық кеңістігін құру жөнінде берілген тапсырмалардың орындалуы туралы мәлімдеді.
Соңында Елбасы Ақтөбе қаласының одан әрі дамуына қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.


adimage