Назарбаевқа Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары баяндалды

Күні: 19:05, 11-09-2018.

Астана. 11 қыркүйек. ҚазТАГ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан қаласын дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Жиын барысында Мемлекет басшысына Түркістан қаласын дамытудың жоспары мен перспективалары жөнінде мәлімделіп, облыс орталығын Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшіруге қатысты тапсырмалардың орындалуы туралы баяндалды», - делінген сейсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда.  
«Елімізде жаңадан Түркістан облысының пайда болғаны баршаға мәлім. Бұл орынды шешім деп санаймын. Облыс орталығы енді Түркістан қаласына көшеді. Бұл – барлық жағынан да күрделі үдеріс», - деді Қазақстан президенті.
Елбасы Қазақстан халқы үшін де, бүкіл түркі әлемі үшін де Түркістан қаласының тарихи әрі рухани мәні зор екеніне айрықша тоқталды.
«Бұл – түркі халықтарының киелі мекені. Сондықтан мұнда жұрт көп келеді. Бұл жерде көптеген танымал тұлғалар жерленген», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А.Маминнің Түркістан қаласының аумақтық даму тұжырымдамасы жөніндегі баяндамасы және Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың әкімшілік-аумақтық басқару органдарын жаңа облыс орталығына көшіру барысы жөніндегі баяндамасы тыңдалды. Атап айтқанда, Қазақстан Президентіне инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар салу жоспары, сондай-ақ қаланы энергиямен және сумен қамтамасыз етуге қатысты ұсынылған шешімдер жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.
Жиын қорытындысы бойынша Үкіметке және облыс басшылығына бірқатар нақты тапсырма жүктелді.


Жаңалықтармен бөлісу: