Назарбаев алғаш рет Франция басшысы Макронмен екіжақты қарым-қатынас мәселесін талқылады

Күні: 10:44, 19-10-2018.

Астана. 19 қазан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Брюссель қаласына (Бельгия корольдігі) жұмыс сапары аясында Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті, деп хабарладымемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Нұрсұлтан Назарбаев «Азия – Еуропа» (АСЕМ) форумы ХІІ саммитінің ашылу рәсіміне келген соң Франция Республикасының Президенті Эмманюэль Макронмен кездесті», - делінген жұмадағы Ақорда сайтында жарияланған хабарда.  
Мемлекет басшысы екі ел арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 26 жыл толғанын және осы кезең ішінде қажетті бүкіл шарттық-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті.
«Бүгінгі кездесуіміздің арқасында Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстар жаңа деңгейге көтеріледі деп сенемін. Біздің елімізде Францияның ондаған компаниясы жұмыс істеуде, өзара тауар айналымының көлемі 5 миллиард АҚШ долларына жетуі мүмкін», – деді Қазақстан Президенті.
Э.Макрон Нұрсұлтан Назарбаевқа ілтипат білдіре отырып, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестік туралы шарттың 10 жылдығы қарсаңындағы осы кездесудің символдық мәні зор екенін атап өтті.
«Президент мырза, Сізбен танысқаныма өте қуаныштымын. Мен президенттік қызметке келгеннен бері алғаш рет жүздесіп отырмыз. Сізбен бірқатар мәселені талқылап, көзқарасыңызды білгім келеді», – деді Франция басшысы.
Өзара сенім жағдайында өткен кездесу барысында тараптар екі жақты қарым-қатынас мәселелерін талқылап, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мейлінше өзекті проблемалар жөнінде ашық пікір алмасты.
.



Жаңалықтармен бөлісу: