Назарбаев Алматы облысындағы дене шынықтыру –сауықтыру кешеніне барды

Күні: 15:35, 02-04-2019.

Алматы. 2 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Қарасай ауданы дене шынықтыру –сауықтыру кешеніне барды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.
«Нұрсұлтан Назарбаев Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Нысанды салу жұмыстары аяқталуға жақын», - делінген хабарда
Мұнда бокс және тренажер залдары, күрес үйірмесі, жүзу бассейні, теннис корты және басқа да спорттық инфрақұрылымдар жұмыс істейтін болады.
«Аудандағы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешеннің құрылысы Елбасының тікелей қолдауымен және оның жеке қаражатына салынуда», - делінген хабарда.
Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысының жұртшылығымен кездесті. Шамалған ауылына келіп, «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында болып, кент тұрғындарымен жүздесті.
Сондай-ақ, Елбасы алдағы қызметі жөніндегі жоспарларына тоқталды.
«Мен Елбасы ретінде стратегиялық мәселелерге көңіл бөлетін боламын. Қасым-Жомарт Тоқаев менің артқан үмітімді ақтайды деп сенемін», - деді ол.
Нұрсұлтан Назарбаев елімізді жаңғырту жөнінде қабылданып жатқан шаралар, ең алдымен, жастарды қолдауға және олардың дамуына бағытталғанын атап өтті.
«Мен Қазақстанның болашағы жарқын болатынына сенемін. Ол үшін барлық жағдай жасалған. Кім бизнес ашқысы келсе, оған несие беріледі. Мамандығы жоқ болса, мемлекет оны жаңа кәсіпке оқытады. Мәселе жұмыстың жоғында емес, мамандықтың болмауында. Сонымен қатар, біз ауылдарды дамыту үшін көптеген бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз», - деді Назарбаев.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев биыл елімізде теңдесі жоқ әлеуметтік шаралар қолға алынып отырғанын атап өтті. Республикада азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру жөнінде түрлі бағдарламалар іске асырылуда. Сонымен бірге, Қазақстанның Тұңғыш Президенті қоғамда патерналистік түсінікке жол бермеудің маңыздылығына баса назар аударды.
«Кез келген ер адамның ар-намысы болуға тиіс. Бала тәрбиесі, ең алдымен, ата-ананың жауапкершілігі. Ал мемлекет ата-аналарды жұмыспен қамтып, балаларын асырауына жағдай жасауы керек», - деді ол.
Соңында Елбасы кездесуге қатысушыларға табыс тілеп, олардың жаңа белестерді бағындыруына ниеттестік білдірді, сондай-ақ барлығын Отанымыздың игілігі үшін еңбек етуге шақырды.


Жаңалықтармен бөлісу: