Назарбаев Қарағанды облысының әкімімен Теміртаудағы экологиялық жағдайды талқылады

Астана. 29 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошановпен Теміртаудағы экологиялық жағдайды талқылады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Кездесу барысында Мемлекет басшысына 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен аймақ дамуының алдағы перспективалары жөнінде баяндалды. Нұрсұлтан Назарбаев осы өңірдің маңызы зор екенін атап өтіп, газбен қамту мәселесіне, сондай-ақ Теміртау қаласының экологиялық жағдайына айрықша тоқталды», - деп хабарлады сейсенбіде Ақордадан.
Облыс әкімі Елбасыға Жолдауда айтылған тапсырмаларды іске асыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімдеді.
«Сіздің еңбекақы мөлшерін арттыру жөніндегі бастамаңызды облыстағы барлық мекемелер қолдады. Бұл биылғы 1 қаңтардан бастап 220 мыңнан астам жұмысшының жалақысын 14 пайызға дейін өсіруге мүмкіндік берді. Сонымен қатар, негізгі коммуналдық қызметтерге қатысты тарифтер 5-11 пайызға төмендейтін болады», - деп мәлімдеді Е. Қошанов.
Соңында Елбасы өңірді одан әрі өркендету, соның ішінде Қарағанды қаласының құрылысына қатысты мәселелер жөнінде бірқатар тапсырма берді.

adimage