Назарбаев Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты

Күні: 17:07, 05-02-2019.

Астана. 5 ақпан. ҚазТАГ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы өрт салдарынан қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Кеше Астанада ауыр қайғылы оқиға болды. Өрт салдарынан бір отбасы бес бірдей перзентінен айырылып қалды. Қаза болған балалардың ата-анасы мен туысқандарына көңіл айтамын. Осыған байланысты мен Үкіметке және Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановқа зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетуді тапсырдым», - деп келтірген Ақорда Н.Назарбаевтың сөздерін.
Сондай-ақ ол, барлық өңірдің әкімдері құзырлы органдармен бірлесіп, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бақылауды күшейтуі керек, сондай-ақ тиісті тексерістер ұйымдастырып, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажеттігін атап өтті. «Мұндай жағдай қайталанбас үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек», - деп түйді сөзін Н. Назарбаев.
Бұған дейін хабарланғандай, қазақстандықтар еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымованың отставкаға кетуін талап етуде. «#ҚызғылтБарбиОтставкаға!» – Facebook әлеуметтік желісінің қолданушысы Айсұлу Дүтбаева өз постын осындай хештегпен бастаған, ол Астанадағы өрттен бес баланың мерт болуына байланысты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымованың өз еркімен отставкаға кетуін талап етушілердің бірі екен.
Еске салсақ, Астанада 4 ақпанға қараған түні Сарыарқа ауданы Шығыстау көшесі бойындағы жеке тұрғын үйдің ауласында бөлек орналасқан уақытша жайдан өрт шыққан. Өртті сөндіру барысында бес баланың мәйіті табылған: 2006, 2008, 2013, 2015 және 2018 жылы туылған. Құтқарушылар нақтылағандай, ата-аналар ол кезде жұмыста болған.
Неге көпбалалы ата-аналардың түнгі ауысымда жұмыс жасауларына тура келеді деген сұраққа жауап берген еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жакупова, бұл ата-аналардың өз таңдаулары деп мәлім етті.
Ал ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі М.Әбілқасымованың өзі қайғылы жағдайдың алдында көп балалы аналарға төленетін жәрдемақының 2019 жылы Т768 сомаға көтерілгенін айтып, өмір бойына көп балалы аналарға мемлекеттен бірнеше миллион төленетінін мәлімдеген болатын.
«Басқа елдерде ондай мүлде жоқ. Ресейде аналар капиталы бар. Бізде, егер барлық жылды алып есептесек, ол жылдар ішінде бірнеше миллион құрайды», - деп мәлім етті М.Әбілқасымова.
«Күміс алқа», «Алтын алқасы» бар көп балалы аналарға төленетін ай сайынғы жәрдемақы 2019 жылдың 1 қаңтарында Т16 160 болды, ал 2018 жылы Т15 392 төленген болатын.


Жаңалықтармен бөлісу: