Назарбаев Астана маңындағы әскери қалашықты ашып берді

Күні: 14:43, 14-11-2014.

Астана. 14 қараша. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. ҚР Қарулы күштерінің бас қолбасшысы, Қазақстан президенті Н. Назарбаев Астана маңындағы Ильинка кентінде Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімшесінің жаңа үлгідегі әскери қалашығының ашылуына қатысты, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, қалашықты ашу барысында Мемлекет басшысы Ұлттық ұланның жедел бригадасының жеке құрамына айбын мен даңқтың символы – Әскери туды тапсырды.
Елбасы офицерлер мен әскери қызметшілер үшін бүгін ерекше күн екенін, өйткені елордада ТМД-да баламасы жоқ әскери қалашық салынғанын айтты.
«Мұнда әскери қызметшілердің отбасымен тұруына, қызмет атқаруына, әскери дайындығын шыңдауға барлық жағдай жасалған. Осының бәрі мемлекеттің қамқорлығын көрсетеді. Сіздердің міндеттеріңіз – елдегі татулық пен тыныштықты сақтау, Қазақстан азаматтары құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету, қылмыспен күрес жүргізу. Республиканың Қарулы Күштерінің бір бөлігі болғандықтан, сіздер сондай-ақ тәуелсіз елді қорғауға, шекарасының бүтіндігін қамтамасыз етуге дайын болуға тиіссіздер. Мемлекеттің қамқорлығына сіздер лайықты ерен еңбекпен және жоғары машықпен жауап беретіндеріңізге сенімдімін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті әскери қызметшілер мен офицерлерді әскери қалашықтың ашылуымен тағы да құттықтап, оларға табыс пен мықты денсаулық тіледі.
Сонымен қатар, әскери қалашықты аралап көру барысында Мемлекет басшысына айрықша айырым белгісі – «теңбіл телпек» және «Бүркіт» арнайы мақсаттағы жасағының төсбелгісі тапсырылды.


Жаңалықтармен бөлісу: