Назарбаев бес елдің басшыларымен телефон арқылы сөйлесті

Астана. 20 наурыз. ҚазТАГ – Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің, Өзбекстанның, Беларусияның, Қырғызстанның президенттерімен, сондай-ақ Арменияның премьер-министрімен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады Ақорда.
«Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті. Мемлекеттер басшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін атқаруын 2019 жылғы 20 наурыздан бастап тоқтатуына байланысты қабылдаған шешімі жөнінде әңгімелесті», - делінген хабарда.
Ақпарға сәйкес, президенттер алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты.
Сонымен қатар, Назарбаев Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен телефон арқылы сөйлесті.
«Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай зор қимастық ниетін білдірді. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Нұрсұлтан Назарбаевты «осындай маңызды шешім қабылдай білетін ұлы саясаткер әрі Президент» деп атады. Екі ел көшбасшылары алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты», - делінген баспасөз парақшасында.
Ақорданың ақпарына сәйкес, Назарбаев Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбековпен де сөйлескен.
«Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай қимастық ниетін білдірді. Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел халықтары арасындағы бауырластық қарым-қатынастарды нығайтуға зор үлес қосқанын атап өтті. Екі ел көшбасшылары алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты», - делінген хабарда.
Ақорданың хабарлауынша, Назарбаев Беларусия президенті Александр Лукашенкомен де телефон арқылы сөйлескен.
«Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай шынайы қимастық ниетін білдірді. Александр Лукашенко Нұрсұлтан Назарбаевпен көп жылғы достығын және Қазақстан мен Беларусь арасында орнаған тату-тәтті қарым-қатынастарды жоғары бағалайтынын атап өтті. Екі ел көшбасшылары алдағы уақытта тұрақты байланыстарын жалғастыра беруге уағдаласты», - делінген хабарда.
Ақпарға сәйкес Армения премьер-министрі Никол Пашинянмен сөйлесу кезінде ол Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдауына орай қимастық ниетін білдірді.
«Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян Нұрсұлтан Назарбаевтың екі ел арасындағы өзара табысты ықпалдастықты дамытуға елеулі үлес қосқанын атап өтті», - делінген баспасөз парақшасында.

adimage