Назарбаев бірқатар елдерден сенім грамоталарын қабылдады

Күні: 16:01, 12-12-2018.

Астана. 12 желтоқсан. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар елдерден сенім грамоталарын қабылдап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Баршаңызды Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың ресми басталуымен құттықтаймын. Бүгінгі салтанатты рәсімнің Тәуелсіздік күні қарсаңында өтуінің өз символдық мәні бар. Біз 27 жыл ішінде экономикасы қарқынды өсіп келе жатқан заманауи мемлекетке айналдық. Бүгінде елімізде бейбітшілік пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға баса мән береміз.. Қазақстанның халықаралық және өңірлік қақтығыстарды шешу жөніндегі қызметіне ерекше тоқталып, соның бір айғағы ретінде Сирияда бейбітшілік орнатуға бағытталған «Астана процесін» атап өтті. Біз елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық, достық қарым-қатынастардың дамуына мүдделіміз», - деді Н.Назарбаев сәрсенбіде сенім грамоталарын қабылдау рәсімінде.
Ол әлемнің озық дамыған 30 елінің қатарына қосылу мақсатымен ауқымды бағдарламалар мен реформаларды жүзеге асырып келетінін еске салды.
«Құрметті елші мырзалар, бүгінде біз білетіндей, әлемнің әр түрлі бұрышында санкциялық қарсылықтар, сауда соғыстары болып жатыр. Егер өзара сенім болмаса, дағдарысқа қарсы шаралар да нәтижесіз болады. Мен бұл жайлы бірнеше мәрте айтқам», - деді мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, Н.Назарбаев Қазақстандағы жауапты әрі мәртебелі миссияларының басталуымен елшілерді тағы да құттықтап, олардың қызметтері елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосатынына сенім білдірді.
Сенім грамоталарын Ауғанстан Ислам Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Мохаммад Фрхад Азими, Қырғыз Республикасы – Жээнбек Кулубаев, Литва Республикасы – Гинтаутас Васюлис, Иран Ислам Республикасы – Маджид Самадзаде Сабер, Армения Республикасы – Гагик Кимович Галачян табыстады.


Жаңалықтармен бөлісу: