Назарбаев Еурокомиссияның бұрынғы басшысына Астана клубының отырысына келгені үшін ризашылық білдірді

Күні: 13:54, 13-11-2018.

Астана. 13 қараша. ҚазТАГ - Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Жозе Мануэль Баррозуға Астана клубының отырысына келгені үшін ризашылық білдірді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«(Н. Назарбаев – ҚазТАГ) Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен кездесті. Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Жозе Мануэль Баррозуға Астана клубының отырысына келгені үшін ризашылық білдірді», - делінген сейсенбідегі Ақорда хабарында.
Мемлекет басшысы Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасының Қазақстан мен Еуропа одағы арасындағы қарым-қатынастарды нығайту ісіне қосқан үлесін атап өтті.
«Мен Сізбен тағы да жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сіз әрдайым Қазақстанға қолдау көрсеттіңіз. Соның арқасында еліміздің Еуропа одағымен серіктестігі жөніндегі келісімге қол қойылды. Қазіргі таңда бұл құжат ратификациялану үдерісінен өтіп жатыр», - деді Қазақстан президенті.
Өз кезегінде Жозе Мануэль Баррозу кездескені және Астана клубының жұмысына қатысуға шақырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
«Сізбен қайта кездесу – мен үшін зор мәртебе. Брюссельге тарихи сапармен келгеніңіз есімде. Сол кезде Қазақстан мен Еуропа одағы арасында ынтымақтастық орнату жөнінде тарихи шешім қабылданған болатын. Бүгінде Қазақстанның тұрақтылықты сақтап, өңірде маңызды рөл атқарып отырғанын көргеніме қуаныштымын», - деді Еврокомиссияның бұрынғы төрағасы.


Жаңалықтармен бөлісу: