Бішкек. 3 қыркүйек. ҚазТАГ – Ыстық-Көл облысы Шолпан-Ата қаласында ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу рәсімі өтті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
Салтанатты іс-шараға Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған, Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов және Венгрияның Премьер-Министрі Виктор Орбан қатысты.
3D-графикасын қолдана отырып ұсынылған театрландырылған қойылымға мыңнан астам актер, музыкант, әнші, шабандоз және спортшылар қатысты. Олар цирк өнерін, шабандоздық тәсілдерін, отты шоу көрсетіп, акробаттық жаттығулар орындады.
Бұл ойындар спорттың 37 түрін, соның ішінде қырғыздың 16 ұлттық және басқа да көшпенді халықтар спортының 21 түрін қамтиды. Атап айтқанда, түрлі қашықтықтағы ат бәйгесінің 8, күрестің 13, дәстүрлі садақ атудың 5 және зияткерлік ойынның 3 түрінен сайыстар өтеді. Сондай-ақ, ит жүгіртіп, құс салатын ұлттық аңшылық ойындардан жарыс болады. Ойындарға әлемнің 60-тан астам елінен 2 мыңға жуық спортшы қатысады.
ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жалпы сыйлық қоры 26 млн сомнан астам қаржыны құрайды.
ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынан хабар тарату үшін қырғызстанғаәлемнің 58 елінен шетелдік БАҚ-тың 500-ден астам өкілі келді.
Қар барысы ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының тұмары ретінде таңдап алынған.
Келесі ІV Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 2020 ж. Түркияда өтеді.
Назарбаев ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысты
