Назарбаев инфляция деңгейінің төмендегені туралы: Ұлттық банк пен үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы нашар

Күні: 19:09, 25-01-2019.

Астана. 25 қаңтар. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев инфляция деңгейінің төмендегені туралы айта келе, бұл бағыттағы Ұлттық банк пен Үкіметтің жұмысының нашар екенін айтты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Президенті Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады. Кездесу барысында Мемлекет басшысына Ұлттық банктің 2018 жылы атқарған жұмысының қорытындысы жөнінде есеп беріліп, елдегі валюта-қаржы нарығының қазіргі ахуалы туралы баяндалды», - делінген жұмадағы Ақорда хабарында.
Елбасы бірқатар экономикалық индикаторлардың оң қарқынмен өсіп келе жатқанын атап өтіп, инфляция деңгейін төмендету үшін қабылданып жатқан шаралардың тиімділігі туралы мәселеге тоқталды.
«5,3 пайыз деңгейіндегі инфляция – бұл жақсы көрсеткіш. Бірақ, бұған экономиканың тиімділігінен емес, нарықтағы өтімділік көлемінің қысқаруы есебінен қол жеткізіліп отыр. Ұлттық банк пен Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы нашар. Қаражатты айналымнан шығару арқылы инфляцияны одан әрі төмендетуге болады, бірақ бұл шешімнің экономикаға қалай әсер ететіні белгісіз?! Сонымен қатар, ұзақ мерзімді несиелердің азайғанын байқауға болады», - деді Н. Назарбаев.
Қазақстан Президенті қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістер енгізілгеніне тоқталып, Ұлттық банк тарапынан бұл салаға тиісті бақылау жүргізілуі қажет екенін айтты.
Өз кезегінде Данияр Ақышев Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған қайта өңдеу өнеркәсібін несиелеу жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы туралы әңгімеледі.
Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Қазақстан Президентіне ұлттық валюта бағамының өзгеруіне ықпал ететін факторлар туралы баяндады.
«Теңгенің АҚШ долларына шаққандағы айырбас бағамы жыл ішінде 15,6 пайызға төмендеді. Бұған, негізінен, сыртқы факторлар себепші болды. Әлемдегі мұнай бағасы өте құбылмалы болып отыр. Сыртқы жағдайлар, соның ішінде протекционистік және санкциялық саясат та тұрақты емес. Дей тұрғанмен, еркін айырбас бағамы режімі барлық ауыртпалықты жеңілдетіп, өткен жылдың соңында 30,9 миллиард АҚШ долларын құраған алтын валюта резервін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Ұлттық қордың шетел валютасындағы активі 57,7 миллиард АҚШ долларын құрады», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Д.Ақышев қаржы нарығын несиелеу және сауықтыру үшін атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
«Біз қаржы секторын жақсарту арқылы нарыққа лайықты қатысушылардың жұмысын ілгерілетуге мүмкіндік береміз. Тиісті шаралар қабылдағаннан кейін несие көлемі айтарлықтай артады деп ойлаймыз. Бұл көрсеткіш 2019 жылы 10 пайызға өседі деп болжамдап отырмыз. Бұл номиналды ішкі жалпы өнімнен жоғары. Тиісінше, несиелердің қол жетімділігі артып, бірте-бірте жағдай жақсара түседі. Біз келешекте проблемалар туындатуы мүмкін күрт өсімнен гөрі теңгерімді өсімді мақұл көреміз», - деді Ұлттық банк төрағасы.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.


Жаңалықтармен бөлісу: