Назарбаев халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысымен EXPO-2017 көрмесіне дайындық барысын талқылады

Күні: 14:29, 21-10-2014.

Астана. 21 қазан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев  Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесу өткізді, деп хабарлады президенттің баспасөз қызметінен.  

«Кездесуде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін ұйымдастыру және өткізу жұмыстарына дайындықтың барысы талқыланды. Мемлекет басшысы аталған жұмыстар қатаң кестеге сәйкес жүргізіліп жатқанына тоқталды», - делінген сейсенбідегі Ақорда сайтындағы хабарда.

Президент В. Лоссерталестың сапарының  «әрдайым зор маңызға ие» екенін атап өтті.

«(…) өйткені ол бұдан арғы іс-қимылды реттеп, Қазақстан үшін аса маңызды іс-шараны өткізуге уақтылы дайындалуға мүмкіндік береді», - деді  Н.Назарбаев.

В.Лоссерталес өз кезегінде көрме жобалары сәтті жүзеге асырылып жатқанын, оған оның жалпыұлттық ауқымы мен Қазақстан Президенті тарапынан көрсетіліп отырған ұдайы қолдау септігін тигізіп отырғанын атап өтті.

Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысушылардың бірінші жиналысы ертеңге жоспарланып отырғанын хабарлады. Оған әлемнің түрлі елдерінен шамамен 140 өкіл қатысатын болады.  .


Жаңалықтармен бөлісу: