Назарбаев Ұлттық банк басшысымен және ҚХА төрағасының орынбасарымен кездесу өткізді

Күні: 19:40, 04-04-2019.

Астана. 4 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, Ассамблея хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлады тұңғыш президенттің баспасөз қызметінен.
«Қазіргі уақытта мұнай бағасының өсіп келе жатқаны байқалуда. Еліміздегі экономикалық ахуал мен теңге бағамы тұрақты. Жақында Ұлттық банк пен Үкімет тұрғындар үшін бірлескен мәлімдеме жасады. Сіздердің тараптарыңыздан бұл дұрыс шешім деп ойлаймын», - деді Назарбаев бейсенбі күні Досаевпен кездесуде.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаевқа қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция деңгейін сақтап қалу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімделді.
Түймебаевпен кездесуде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасыға Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясына дайындық барысы туралы баяндалды, Елбасы алдағы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталып, Қазақстан халқы Ассамблеясының алдағы 25 жылдығын атап өтуге қатысты әзірлік жұмыстарын уақтылы жүргізу қажеттігін айтты.
«Келесі жылы біз Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын атап өтуді жоспарлап отырмыз. Ассамблеяның мерейтойын орталықта да, барлық өңірде де жоғары деңгейде өткізуіміз керек. Келісім, тұрақтылық, халықтар достығы, түрлі этникалық топтар, діни конфессиялар арасындағы өзара құрмет мемлекетіміздің және дамуымыздың негізі саналады. Бұл жоспарланған іс-шараға арқау болуға тиіс», - деді Назарбаев.
Кездесу соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті бірқатар нақты тапсырма берді.


Жаңалықтармен бөлісу: