Назарбаев пен Путин ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады

Астана. 9 қараша. ҚазТАГ – Қазақстан мен Ресей президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен туризм саласындағы қатынастарды одан әрі дамыту перспективаларын талқылады», - делінген Ақордадағы хабарда.
Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Президентімен жүздескенде Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы табысты өткенін айтты. Қазақстан Президенті бүгінгі өңіраралық ынтымақтастық форумы тақырыбының өзектілігін атап өтіп, мәдени және экономикалық ықпалдастық аясында туризм саласындағы ынтымақтастықты өркендетудің маңыздылығына арнайы тоқталды.
В.Путин Қазақстанның сауда-экономика саласындағы негізгі серіктестердің бірі екенін атап өтіп, екі жақты қарым-қатынастардың жоғары даму қарқынына назар аударды.
Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Президенті туризм саласындағы екі елдің ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың әлеуеті зор екенін айтты.
«Келіссөздер соңында мемлекеттер басшыларына «Байқоңыр» ғарыш кешенін дамытуға арналған жоба таныстырылды. Сонымен қатар, Президенттерге әлеуметтік нысандардың салыну барысы, инфрақұрылым желілерінің жөнделу нәтижелері және Байқоңыр қаласындағы тұрғын үй алаптарының газбен қамтамасыз етілуі жөнінде мәлімет берілді», - делінген хабарда.

adimage