Назарбаев ҚР премьер-министрі лауазымына Маминнің кандидатурасын мәжіліс қарауына енгізді

Күні: 12:50, 25-02-2019.

Астана. 25 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР премьер-министрі лауазымына Маминнің кандидатурасын мәжіліс қарауына енгізді, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы ҚР премьер-министрі лауазымына Асқар Маминнің кандидатурасын мәжіліс қарауына енгізді», - делінген дүйсенбіде Twitter-дегі Ақорда хабарында.
Бұған дейін хабарланғандай, Н.Назарбаев мәжілістің алқа отырысына қатысып жатыр.
Еске салсақ, 21 ақпанда Н. Назарбаев министрлер кабинетін отставкаға жіберетінін мәлімдеді.
«Жүйелі жұмыс жүргізілмеді. Тұрғындардың нақты табысы өспеді. Отбасылардың бюджетінде азық-түлікке деген шығын көлемі арта түсті. Атқарушы органдардың салғырттығынан әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындардың бір бөлігі атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылмаған. Оның үстіне Үкімет мүшелері, министрлер, әкімдер халықпен жұмыс істей алмады, сондай-ақ жұртшылықтың проблемаларына құлақ асып, атқарылып жатқан істер мен саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізуге шамасы келмеді», - деп түсіндірді министрлер кабинетін отставкаға жіберу туралы шешімін Н.Назарбаев.
Премьер-министрдің м.у.а. болып Асқар Мамин тағайындалды.
Бұған дейін ҚазТАГ ХАА президент Н.Назарбаев үкіметті отставкаға жіберу туралы шешімін қоғамдағы әлеуметтік шиеленіс негізінде қабылдағанын атап өткен болатын.


Жаңалықтармен бөлісу: