Назарбаев ресейлік кәсіпкер Усмановты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады

Күні: 10:20, 20-12-2018.

Астана. 20 желтоқсан. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресейлік кәсіпкер Алишер Усмановты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады, деп хабарлады ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай танымал ресейлік кәсіпкер, USM Holdings компаниясының құрылтайшысы және меценат Алишер Усмановты І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады», - делінген сәрсенбіде таратылған хабарда.
СІМ-де атап өткендей, «ол бұл наградаға мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтқаны үшін» ие болған.
Атап өтелік, тамыз айының аяғында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев тегі өзбек ресейлік бизнесмен, USM Holding компаниясының құрылтайшысы және басшысы А. Усмановты «Эл-юрт ҳурмати» орденімен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған еді. Ол «Өзбекстан мен Ресей Федерациясы арасындағы экономикалық, қоғамдық және мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығаюына, Өзбекстанда ірі инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуына, өзбек халқының бай тарихи мұрасы мен ұлттық құндылықтарын жаңғырту және сақтау мақсатында керемет рухани-ағартушылық кешендердің бой көтеруіне қосқан зор үлесі үшін марапатталған».


Жаңалықтармен бөлісу: