Назарбаев шетелдік сарапшыларға құнды кеңестері мен ұсынымдары үшін ризашылық білдірді

Астана. 29 тамыз. ҚазТАГ - Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған халықаралық конференцияға қатысушылармен кездесті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Мемлекет басшысы Қазақстанға келіп, Конституция күнін бірге мерекелегені үшін жиынға қатысушыларға ризашылық білдірді, сондай-ақ көптеген халықаралық сарапшылар қатысқан бұл конференция құқықтық мемлекет құру жөнінде ілім-білім алмасуға зор мүмкіндік бергенін атап өтті», - делінген сәрсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда.  
«Біз конституциялық құрылым ісіндегі ынтымақтастық пен өзара тәжірибе алмасу мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Құнды кеңестер мен ұсынымдар үшін ризашылық білдіреміз», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстандағы конституционализмнің даму тарихына тоқталды.
«1995 жылғы көктемде бір топ заңгер ғалымдармен бірлесіп, бізге қандай конституция қабылдау қажеттігін талқыладық. Мен өзім еліміз үшін қолайлы ережелерді іздестіру мақсатымен Еуропаның, Америка мен Азияның 20 елінің конституцияларын жете зерттедім. Себебі, біз басқа мемлекеттің конституциясын сол күйінде көшіріп ала алмаймыз. Осылайша, 1995 жылғы желтоқсанда жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың басым көпшілігі қолдаған конституцияны қабылдадық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның айтуынша, Қазақстанның жетістіктері халықаралық қоғамдастық тарапынан мойындалғаны айдан анық.
«Біз ширек ғасыр ішінде экономикамызды 22 есе өсіріп, қазақстандықтардың тұрмыс сапасын  жақсарттық. Жұртшылық өздерінің діни салтын еркін ұстанып, өз ана тілінде сөйлей алатын, сондай-ақ мәдениетін сақтайтын көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет құрдық. Биыл Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі соның дәлелі», – деді Қазақстан Президенті.
Жиынға Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы Қ.Мәми, Әзербайжан Республикасы Конституциялық сотының төрағасы Ф.Абдуллаев,  Алжир Халық Демократиялық Республикасы Конституциялық кеңесінің төрағасы М.Меделчи, Армения Конституциялық сотының төрағасы Г.Товмасян, Болгария Конституциялық сотының төрағасы Б.Велчев, Латвия Республикасы Конституциялық сотының төрағасы И.Зиемеле, Конституциялық әділ сот жөніндегі дүниежүзілік конференцияның Бас хатшысы Ш.Дюрр, Еуразиялық Экономикалық Одақ сотының төрағасы Ж.Бәйішев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Ә.Рақышева қатысты..


adimage