Назарбаев Сириядан арасында ондаған бала бар қазақстандықты эвакуациялағаннан кейін мәлімдеме жасады

Күні: 17:11, 09-01-2019.

Астана. 9 қаңтар. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Биылғы 6 қаңтарда менің тапсырмам бойынша құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық шара нәтижесінде Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала елімізге қайтарылды. Олар дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террористердің тұтқынында болды», - деді Н. Назарбаев сәрсенбіде.
Ол «Қазақстанға келген соң әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетілгенін» атап өтті.
«Осындай ауыр жағдайға ұшыраған бұл кінәсіз жандардың қуанышында шек жоқ. Олар бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медициналық көмек алады. Атқарылған жұмыс мұндай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға септігін тигізеді», - деді президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанның өз азаматтарына қай жерде жүргеніне қарамастан әрдайым қолдау көрсететінін жеткізді.
«Біздің негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіздігін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтастығын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыстарды жалғастыра беретін боламыз», - деді Н. Назарбаев.


Жаңалықтармен бөлісу: