Назарбаев әскери тікұшақтың апатқа ұшырауынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты

Күні: 15:32, 28-03-2019.

Астана. 28 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев әскери тікұшақтың апатқа ұшырауынан қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтты, деп хабарлады Ақорда сайтынан.
«Қазақстанның әскери қызметшілері әрқашан антына адал, сондай-ақ Отанына шексіз беріле қызмет етуде. Жастарымыздың мезгілсіз қаза болуы қабырғамызды қайыстырды. Орны толмас қайғыға ортақтасып, қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – делінген бейсенбіде Ақордада жарияланған жеделхатта.
Хабарда атап өтілгендей, Нұрсұлтан Назарбаев әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы салдарынан Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері әскери қызметшілерінің қаза болғаны туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.
Еске салсақ, бұған дейін белгілі болғандай, сағат 17.35-те «112» тетігіне Қызылорда облысы Жалағаш ауданында ҚР ҚК ӘҚК ӘӘК МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырағаны туралы хабар келіп түскен. Тікұшақ белгісіз жағдайларға байланысты құлап, толығымен жанып кеткен. Тікұшақ бортында 13 экипаж мүшесі болған, олардың барлығының қайтыс болғаны жеткізілді.
Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, аталмыш тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан тұратын бөліммен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан. Ұшу сапары арнайы бөлімшелердің «Алтын жебе» кешенді оқу және жаттығу аясында қараңғыда әрі күрделі метеорологиялық жағдайда жүргізілген.
Ведомствода атап өткендей, Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйрығымен апат орнына арнайы құрылған ҚР Қорғаныс министрлігінің комиссиясы жіберілді. Қорғаныс министрлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, болған әуе апатының себебін анықтау мақсатында тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жағдайға президент Қасым-Жомарт Тоқаев түсінік берді. Ол марқұмдардың туыстарына материалдық көмек көрсетуге уәде берді.
28 наурызда белгілі болғандай, Қызылорда облысында әскери тікұшақтың апатқа ұшырауы ҚР бас прокуратурасының бақылауымен тексерілуде. Бүгін қорғаныс министрлігі қаза болған 13 әскери қызметшінің тізімін жария етті.


Жаңалықтармен бөлісу: