Астана. 13 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түрік Республикасының іскери орта өкіледрімен кездесті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
Ақорда сайтында хабарланғандай, Қазақстан Президенті Түркияның бизнес өкілдері алдында сөйлеген сөзінде екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық оң қарқын алып келе жатқанын атап өтті.
«Қазақстан мен Түркия арасындағы қатынастар өзара достыққа, бауырластық пен сенімге негізделген. Сауда айналымы жөнінен Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктестерінің алғашқы ондығына кіреді. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2017 жылы 27 пайызға өсіп, 2 миллиард АҚШ долларына жуықтады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы инвестициялық ынтымақтастық пен экономиканың түрлі салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру мәселелеріне тоқталды. Атап айтқанда, тәуелсіздік алғаннан бері елімізге Түркия 3 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын және бүгінде Қазақстанда түрік капиталының қатысуымен 2 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті екі ел кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған «Жаңа синергия» бағдарламасының жүзеге асырылу нәтижелері жөнінде айтты.
«Осы бағдарлама аясында құны 800 миллион доллар болатын 23 жоба іске қосылып, 3 мың жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді. Кеше елдеріміздің бизнес өкілдері құны 1,7 миллиард доллардан асатын 24 келісім-шартқа қол қойды. Бұл – біздің өзара сенім мен ынтымақтастығымыздың жарқын мысалы», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанның экономикалық артықшылықтарына және елімізде бизнес жүргізу үшін жасалған қолайлы жағдайларға назар аударды.
«Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жөнінде кешенді жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпкерлікті дамыту үшін заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді. Дүниежүзілік банктің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» рейтингінде Қазақстан 190 елдің арасында 36-орында. Біздің мемлекет Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы Инвестициялық комитетінің мүшесі болып саналады», – деді Қазақстан Президенті.
Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесі мен «Қазақ Инвест» компаниясының жұмысы және инвесторлар үшін қарастырылған түрлі жеңілдіктер жөнінде айтты.
«Қазақстанда 11 арнайы экономикалық және 24 индустриялық аймақ бар. Олардың жұмысына қатысушылар үшін салықтық және өзге де жеңілдіктер қарастырылған. Түрік компанияларын Қазақстанда өз бизнестерін өркендетуге шақырамын», – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар, Қазақстан Президенті еліміздің көлік-транзит әлеуетінің мүмкіндіктеріне жан-жақты тоқталды.
«Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы трансконтинентальды мультимодальды жүк тасымалын белсенді дамытуда. Еліміз арқылы 5 темір жол және 6 халықаралық автомобиль жолы өтеді. Транскаспий мультимодальды жүк тасымалын дамыту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ақтау портын жаңғыртып, оның мүмкіндіктерін кеңейттік», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Назарбаев түрік компанияларын Қазақстанда өз бизнестерін дамытуға шақырды
