Назарбаев табиғи монополиялар туралы заңға қол қойды

Күні: 12:12, 28-12-2018.

Астана. 28 желтоқсан. ҚазТАГ – 27 желтоқсанда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев табиғи монополиялар туралы заңға қол қойды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Мемлекет басшысы табиғи монополиялар салаларындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылаудың құқықтық негіздерін айқындайтын жаңадан қабылданған «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды», - делінген бейсенбідегі Ақорда хабарында.
Еске салсақ, 20 желтоқсанда парламент сенатының депутаттары «Табиғи монополиялар туралы» заң қабылдады.
«Заң жобасы келесі міндеттерді шешуге бағытталған – бірінші: табиғи монополиялар саласында заңнаманы жүйелендіру. Екінші: табиғи монополиялар қызметінің тиімділігін, олар ұсынатын реттеуші қызметтің сапасы мен сенімділігін арттыру мақсатында табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеудің жаңа ынталандырушы тәсілін енгізу. (…) Үшінші: табиғи монополия субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру және тарифтік смета мен инвестициялық бағдарламаның орындалуына бақылауды күшейту», - деді сенаторлорға ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Ол еске салғандай, қолданыстағы «Табиғи монополиялар туралы заң» 1998 жылы қабылданған.
Жиырма жыл ішінде заңға 15 заңмен 200-ден астам түзетулер енгізілді.


Жаңалықтармен бөлісу: