Назарбаев табысы күнкөріс шегінен төмен халықтың үлесі 10 есе қысқарғанын Қазақстанның жетістігі деп атады

Күні: 14:26, 23-10-2014.

Астана. 23 қазан. ҚазТАГ – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік банк тобының басқарушы директоры және операциялық мәселелер жөніндегі директоры Шри Мульяни Индраватиді қабылдады, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.  

«Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Дүниежүзілік банк тобы арасындағы, соның ішінде 2014 жылы мамырда қол қойылған Серіктестік туралы негіздемелік жаңа келісім аясындағы ынтымақтастықты күшейту мәселелері талқыланды», - делінген бейсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда.  

Сонымен қатар, тараптар Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықтың алдында тұрған түрлі экономикалық сын-қатерлерді қарастырды.

Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік банк Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін, онымен біздің еліміз тәуелсіздік алған кезеңнен бері ынтымақтасып келе жатқанын айтты.

«Сіздің банктің бағалауы бойынша, Қазақстанда бір кездері 35 пайыз болған, табысы күнкөріс шегінен төмен халықтың үлесі 3 пайыздан төмен көрсеткішке дейін қысқарды. Біз мұны үлкен жетістік санаймыз», - деп келтіреді баспасөз қызметі  Н.Назарбаевтың сөзін.

Ш.Индравати өз кезегінде Қазақстанның өңірлік және жаһандық ықпалдастық саласындағы ілгерілеуін атай отырып, біздің еліміз су және энергетика ресурстарын пайдалануды өңірлік реттеу мәселесінде маңызды рөл атқаратын болады деп үміттенетінін жеткізді.

«Қазақстан мен Дүниежүзілік банк арасындағы ынтымақтастық өте табысты жүзеге асырылуда және ол экономиканы әртараптандыруға, орнықты даму бөлігіндегі ілгерілеуді күшейтуге атсалысуға бағытталған. Серіктестік туралы негіздемелік жаңа келісімге қол қою және осы келісімнің аясында түрлі халықаралық ұйымдардың жұмысын үйлестіру біз үшін өте маңызды», - деді Ш.Индравати.

Қазақстан Дүниежүзілік банк тобына 1992 жылы қосылды. Сол уақыттан бастап, 41 жобаны жүзеге асыру үшін жалпы мөлшері 6,8 миллиард доллар ұсынған Дүниежүзілік банк еліміздің даму мәселелері жөніндегі ірі серіктесіне айналды.


Жаңалықтармен бөлісу: