және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Әлия Назарбаевамен байланысты компанияның қымбат құрылғылары шаң басып жатыр - министр»
Қазақстандағы екі облыста қоқысты сұрыптау жобалары бірнеше жылдан бері іске қосылмай келеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, Ақтөбе облысында жылына 60 мың тонна қоқыс сұрыптайтын зауыт әлі іске қосылмаған. Осындай жағдай Абай облысында да қайталанып отыр, онда жылына 100 мың тонна қоқыс сұрыптауға арналған зауыттың құрылысы жоспарланған болатын.
Ақпаратқа сәйкес, бұл екі жоба да «Оператор РОП» компаниясы тарапынан қаржыландырылған. 2021 жылы Ақтөбе облысындағы жобаға 1,6 млн еуро, ал Абай облысына 2,6 млн еуро бөлінген.
Министр Нысанбаевтың айтуынша, «Оператор РОП» қоқыс сұрыптау зауыттарына қажетті жабдықтарды сатып алған, бірақ олар әлі іске қосылмаған.
«Барлық жабдық қазір шаң басып тұр, олар орнатылмаған, жұмыс істемейді», - дейді министр.
Аида Балаева «Қазақфильмге» қатысты қауесеттерге жауап берді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда қызу талқыға түсіп жүрген «Қазақфильм» киностудиясына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Бірінші. «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты.Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда.
Екінші. Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы. Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде.
Үшінші. Киностудияны Астанаға көшіру туралы. Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр.
Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда», - дейді министр.
«Биыл Қазақстанда су тасқыны болмайды – ресми ақпарат»
Бүгін мәжіліс кулуарында су ресурстары және ирригаци вице-министрі Болат Бекнияз биыл Қазақстанда былтырғыдай су тасқыны болмайды, деп тілшіміздің сауалына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«БҚО мен Қостанай облыстарында су тасқынының шарықтау шегі өтті. Қазір біз Солтүтік Қазақстан облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарын бақылап, су қоймаларын суға толтырып жатырмыз. Биыл су аз болды. Былтырғы жағдай қайталанбайды», - деді министр.
Депутат ана мен бала өміріне қатысты дабыл қақты
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, ана мен бала өмірін сақтауға қатысты бірқатар мәселені көтерді, деп хабарлайды Turkistan.
«Бүгінгі депутаттық сауалым ана мен баланың өмірі туралы. Бұл дүниеге ұрпақ әкелу үшін перзентханаға аттанған ананы перзентімен бірге о дүниеге аттандырған жағдайлар жетіп артылады Қазақстанда. Қанша жанталассақ та жансақтау бөлімінде бәрінің жанын сақтай алмайтынымыз өкінішті. Ресми дерек, соңғы алты жылды алғанның өзінде ақпараттың артында қанша қазаның жатқанын тап басып тану қиын емес. 2019 жылы Қазақстанда 3360 сәби шетінеп кеткен, 2020 жылы 3286 сәби, 2021 жылы 3732 бөпе бақилық болған. 2022 жылы 3154 нәресте, 2023 жылы 2998 сәби шетінеп кеткен. 2024 жылы 2598 бөпені құндақтаулы күйінде мәйітханадан алып шығуға мәжбүр болды ата-анасы. Әрине, ресми органдар сәби өлімінің азайғанын алға тартады. Бірақ соңғы жылдың өзінде екі жарым мың бөпеден айрылып қалу көңіл көншітетін көрсеткіш емес. Сорақысы сол, ресми дерекке сүйенсек бес облыста сәби өлімі көбейген, олар: Абай, Ақтөбе, Алматы, Жетісу, Ұлытау облыстары», – деді мәжілісмен.
Сондай-ақ депутат ана өлімі мәселесі де өте өзекті екенін жеткізді.
Фото көзі: Ашық дереккөз