ҚОҚМ басшысы Нұрғали ӘШІМ: АЙЫППҰЛ ЖИНАП ОТЫРУҒА ДА БОЛАДЫ, БІРАҚ МЕН АУА, ЖЕР ЖӘНЕ СУДЫҢ ТАЗА БОЛҒАНЫН ҚАЛАЙМЫН

 

Астана. 21 қырқүйек. ҚазТАГ – Елена Преображенская. Қазақстан елордасы Астанада ашылған қоршаған ортаны қорғау министрлерінің VII конференциясы қарсаңында біз қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімге республиканың экологиялық қауіпсіздігіне қатысты біраз сұрақ қойдық.

 

- Нұрғали Сәдуақасұлы, қоршаған ортаны қорғау министрлерінің бүгін ашылған VII конференциясында маңызды құжаттар қабылдау жоспарланып отыр ма? Астананың конференцияда таныстыратын «Жасыл көпір» бастамасының ерекшелігі неде?

 

- Фрагментарлық іс-қимылдарға негізделген саясат, бағдарламалар мен тетіктер аймақаралық, трансшекаралық экологиялық проблемаларды шешпей отырғанын көріп отырмыз. Тиімдірек тетіктер қажет, бірақ қазіргілердің орнына емес, оларды жетпей тұрған элементтермен толықтыра түсетін тетіктер қажет. Бұл – экономиканың нақты секторы – бизнеспен, инвестициялармен, технологиялармен байланыс.

Қазақстан дәл осындай тетік ұсынады – «Жасыл көпір» атты көпжақты, көпсалалы және ұзақ мерзімді әріптестік бағдарламасын. Ол орнықты инвестициялар үшін тұрақты және ұзақ мерзімді негіз сияқты, дамыған елдерден дамушы елдерге жаңа технологиялар мен инновацияларды беру тетігі ретінде, экономиканың секторларын көгалдандыру және жаңа, ұзақ мерзімді жасыл жұмыс орындарын құру үшін қажет.

Оның жаңалығы бүгінгі күні секторлар мен ұйымдар бойынша бөлектенген іс-қимылдар мен бағдарламалардың интеграциясында жатыр, бұл синергизмге, өзара тиімді және пайдалы нәтижеге алып келеді.

«Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы министрлердің 7-ші жалпыеуропалық конференциясында қолдауға ие болады деп үміттенеміз. Мақұлданған соң бағдарламаны ғаламшардың екі аймағының атынан келесі жылдың маусым айында Бразилияда өтетін БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі дүниежүзілік саммитінде  (Рио+20) таныстыруға болады.

 

- Германия жағы «Дарьял-У» объектісінен құрамында ПХД бар конденсаторларды алып шығу бойынша уәдесін орындады ма? Конденсаторлардың бәрі шығарылды ма, қазіргі кезде ол аудандағы экологиялық ахуал қандай?

 

- Қазіргі уақытта «Дарьял-У» РЛС объектісінде 183 контейнер тұр, оның біреуі бос, контейнерлерге 5946 конденсатор салынған. Конденсаторлар герметикалық түрде металл контейнерлерге салынып, құрамында СОЛ (ауыр органикалық ластаушылар - ҚазТАГ ) бар жабдықтарды сақтау мен тасымалдау ережелеріне сәйкес пломбаланған. Қоймалар жабылып, пломбаланған. Қоймаларды «Күзет» ММ мамандандырылған қызметінің 20 қызметкері тәулік бойы күзетеді. Қаруланған күзет объектінің аумағына бөтен адамдарды кіргізбейді.

 

- Шығару неге кешігіп жатыр?

 

- 2007 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша, «Дарьял-У»объектісінде құрамында ПХД бар 15998 дана конденсаторорналастырылған. 2007жылы Германияға жою үшін 3492 конденсаторшығарылды, 2008 жылы - 3040 конденсатор, 2009 жылы - 3520 конденсатор. 2007-2009 жылдары жоюға шығарылған конденсаторлардың жалпы саны - 10 052дана.

Шығару үшін Қазақстан үкіметі қаржы бөлді. Компания жалдадық, тендер өтті, көріп отырғаныңыздай, конденсаторлардың біраз бөлігі шығарылды.

Қалған партияны шығаруға келсек: неміс жағы Қазақстаннан ақша алмаған. Осы себепті біз Германияға барып, германиялық әріптестерімізден қалған конденсаторларды ақысыз түрде шығаруды өтіндік. Біз келіссөз жүргізіп, конденсаторларды Ресей, Украина, Беларусь, Польша елдерінің аумағымен Германияға дейін тасымалдауға рұқсат алдық. Бірақ өтіп кеткен уақытта, неміс заңнамасы бойынша, Германияның аумағына Қазақстаннан ғана емес, кез-келген басқа елден СОЛ-дарды әкелуге тыйым салынған. Осы себепті Қазақстан үкіметі бюджеттен қаржы бөліп, конденсаторлар күзетілетін басқа жерге жеткізіліп, тығыз қапталды.

Біз Қазақстанда СОЛ қалдықтарын жоятын зауыт салуды жоспарлап отырмыз, оның құны $100 млн-ға жуық. Оның $10,35 млн. қаржыны Жаһандық экологиялық қор қайтарымсыз негізде береді, $39,65 млн. – Дүниежүзілік банктің заемы және республикалық бюджеттің үлесі - $50 млн. ТЭН-ді жасауға $450мың көлемінде грант бөлінеді.

Қазақстанда бұл зауытты салатын болсақ, барлық қалдықтарды өңдей аламыз. Жинақталған СОЛ-дардың көлемі бойынша біз әлем бойынша Ресейден кейінгі екінші орындамыз. Еліміздің аумағында жиналып қалған қалдықтарды өңдеу үшін бізге 8 жылдай уақыт қажет.

Алайда СОЛ-дарды өңдеп бітірген соң да зауыт жұмыссыз қалмайды. Біз қазір қоқыс қоймаларына тасталып жатқан медициналық қалдықтарды жоятын боламыз. Бәрін өркениетті түрде жою керек. Бұл зауытқа жұмыс жетеді.

СОЛ-дарды жойғаны үшін немістер алатын ақшаны есептесек, оларды Қазақстанда өңдеу 4 есе арзан болады.

Біз Өзбекстаннан, басқа елдерден СОЛ-дарды қабылдаймыз деген қате ақпарат тарады. Бұған айтарым: біздің елімізге қауіпті қалдықтарды әкелуге тыйым салынған. Біз өз қоқыстарымызды өңдеуді көздеп отырмыз, ал басқаларының қоқысы керек емес.

Қазір бұл жоба үкіметте жатыр. Қолдау тапса, қаржы бөлінеді, көздегенімізді жүзеге асырамыз.

 

- Демек біз зауытты салып бітіргенше, конденсаторлар өзімізде жатады деген сөз ғой?

 

- Өкінішке орай, солай.

 

- Қазақстанның мемлекеттік үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына енген жобалардың бәрі экологиялық сараптамадан өтті ме? Өтпесе, себебі қандай? Барлығы өтсе, бұл процесс қалай ұйымдастырылды және сіз басқаратын министрлік аталған бағдарламаның аясында нені бақылайды?

 

- 2011 жылдың шілдесінде индустрия және жаңа технологиялар министрлігі индустриаландыру картасын маңыздандырғаннан кейін бағдарламаның аясында 2011 жылы жүзеге асырылатын 204 жобаның 108-і мемлекеттік экологиялық сараптаманың қарауына түскен жоқ, өйткені олардың жобалық-сметалық құжаттары жасалып жатыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік экологиялық сараптаманың қарауына 5 жоба берілді. Заңға сәйкес, І санаттағы объектілерге экологиялық сараптаманы ҚОҚМ экологиялық реттеу және бақылау комитеті мен оның аумақтық бөлімшелері жүргізеді. II, III және IV санаттағы объектілерді облыстардың, Астана мен Алматы қалаларының жергілікті атқарушы органдары тексереді.

Біздің министрлік ҮИИД бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобаларға экологиялық сараптама жасауға жүйелі түрде мониторинг пен бақылау жүргізіп отыр. Бұл үшін арнайы штаб құрылды, оған комитеттің аумақтық органдарының басшылары күнделікті түрде сағат 17-ге дейін жобаларға экологиялық сараптама жүргізу бойынша ақпарат беріп отырады.

Сондай-ақ, экологиялық сараптаманың оң қорытындысы жоқ жобалардың тізімі ИЖТМ мен әкімдіктерге жіберіліп, олар шара қабылдайды.

Заңға сәйкес, егер жоба сараптамадан өтпесе, ол жобаны банк те қаржыландыра алмайды. Сараптаманың қорытындысы оң болмаса, жоба жүзеге асырылмайды. Жоспарлар, жүзеге асыру үшін басқа министрлік жауап береді. Біздің міндетіміз басқа, әрбір индустриалды жоба – Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы, сондықтан ол халықаралық экологиялық стандарттарға қатаң түрде жауап беруге тиіс.

 

- Мемлекеттік экологиялық сараптамаға жобаларды ұсыну мерзімдеріне қатысты наразылықтар бар ма? Кезінде сіз премьерге сараптамаға жобаларды ұсыну мерзімдерін бұзу оқиғалары туралы баяндағаныңыз бар …

 

- Әрбір жобаны мұқият тексеру қажет. Мен үкіметтің отырысында сөз сөйлеп, сараптамаға жобаларды алдын ала ұсынғанын сұрадым. Әр жобаны мұқият зерттеп, тексеру керек. Сондықтан асығыстық орынсыз, өйткені ол экологиялық сараптаманың сапасына әсер етеді.

 

- Осыдан бір жыл бұрын сіз мұнай компанияларының шетелдік менеджерлерін Қазақстанның экологиялық заңнамасын бұзғаны үшін түрмемен қорқыттыңыз. Ондай заң бұзушыларды қамауға немесе басқаша жазалауға бола ма?

 

- Бір жыл бұрын министрлік әзірлеген «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының нормалары туралы сөз болды. Қазір заң жобасын парламент мәжілісі мақұлдап, сенаттың қарауына берілді.

Заң жобасының көп міндеттерінің бірі – экологиялық құқық бұзушылыққа тиімді қарсы тұру, оларды жасағаны үшін жауапкершілікті күшейту.

Қолданыстағы заңнаманың дәлсіздігі экологиялық заңнаманы өрескел бұзған адамдарға қылмыстық жауапкершіліктен құтылуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты заң жобасында квалификациялық белгі - қоршаған ортаға атмосфераны ластағаны үшін 50 мың АЕК-тен асатын аса ірі көлемде залал келтіру ұсынылып отыр.

Түзету қабылданған жағдайда, қылмыстың бұл құрамы бойынша жазаға тартуға бола ма дегенге келсек, мен сізге нақты айта алмаймын. Мысалы, 2010 жылы 50 мың АЕК-тен жоғары соманың залалын келтірген 13 кәсіпорын тіркелді. Биылғы жылдың 8 айында мұндай залалды 11 кәсіпорын келтірді.

Табиғат пайдаланушылар экологиялық міндеттеріне жауапкершілікпен қарайды деп үміттенемін.

 

- Яғни экологиялық кодексті өрескел бұзғаны үшін «қамамайды» дейсіз бе?

 

- Санкциялар бұрынғысынша қалды, мәселе қамауда, айыппұл салуда емес қой. Ең бастысы бұл емес деп жүргеніме екі жыл болды. Біз жыл сайын табиғат қорғау бағдарламасын бекітеміз, экологияның ең маңызды бөлігі осы емес пе. Зауыт ауаны ластады делік. Мен оған $50 мың айыппұл салдым. Мақсат – зауыт иелерін тазарту қондырғыларын салуға мәжбүрлеу. Міне, бұл маңызды, табиғат қорғау бағдарламасында осы жазылады.

Осыдан екі жыл бұрын табиғат қорғау бағдарламаларын орындау көрсеткіші 30-50% болды. Қазір - 100%-ға жақындап қалды. Біздің міндетіміз ақша жинау емес қой. Біздің міндет – судың, ауаны, жердің тазалығы. Бұл үшін зауыттар тазарту қондырғыларын сатып алып, орнату сияқты табиғат қорғау шараларының бәрін орындауға тиіс.

Мысалы, 2008 жылы «Қазақойл Ақтөбе» табиғат қорғау шараларына жоспарланған қаржының небәрі 4%-ын ғана бағыттады, компания айыппұлдар төледі. Әрине, мен ары қарай айыппұл жинай беріп, жақсы министр болып қала аламын. Айыппұл жинау үшін көп ақыл қажет емес. Мысалы, Қызылорда облысы бойынша газды жою үшін және т.б. үшін бірнеше жылда $50 млн салу қажет. Ал айыппұлдың көлемі 50 млн теңге.Демек, айыппұл төлеген арзанырақ. Ал $50 млнжұмсап, қажет жабдықтар орнатуға мәжбүрлесе, қиынырақ.

Біреуді «қамағаннан» зауыттағы технология жақсарады деп ойлайсыз ба? Жоқ. Мәселе барлығын табиғат қорғау шараларын орындауға ынталандыруда жатыр.

 

- Сол заң жобасында парник газдарын тастауға квоталарды үлестіру ұйымдастырылған тауарлы алаңдар – биржаларда өтетіні туралы норма қарастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр? Қазақстанда ондай биржа қашан құрылады? Ол қандай алаңның базасында құрылады?

 

- Заң жобасымен антропогендік шығарындылардың ұлттық кадастрын, көміртек бірліктерінің реестрін, квоталарды үлестірудің ұлттық жоспарын жасау және квоталар саудаланатын нарық құру туралы баптар енгізіледі. Парник газдарын тастау бойынша заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылады.

Парник газдарын тастауға квоталарды Қазақстан үкіметі белгілеген тәртіппен оларды үлестірудің ұлттық жоспарына сәйкес беру жоспарланып отыр. Аталған жоспар жүзеге асырылатын бірінші кезеңде квоталар кәсіпорындардың арасында тегін таратылады. Ол кезде жабдықтардың тозу және тиімділік факторлары, тиімдірек технологияларға ауысу мүмкіндіктері ескеріледі.

Құрылатын нарық болашақта халықаралық көміртегі сауда алаңына қосылады. Жұмыс «Еуразиялық сауда жүйесі» тауарлы биржасымен бірлесе жүргізіліп жатыр. 2011-2012 жылдары заңнамалық база құрылып, нарық 2013 жылы жұмыс істей бастайды деп жоспарланған.

Бұдан басқа, 2011 жылдың 12-13 қазанында Алматыда Қазақстанның кәсіпорындары мен жер қойнауын пайдаланушылары үшін көміртегі нарығында жұмыс істеу мәселелері бойынша (кәсіпорындардың көміртегі бірліктерін сату және сатып алу операцияларын өткізуі) тренинг-семинар өткізу жоспарланған, оған ниет танытқандардың бәрі қатыса алады.

 

- Жақында елімізде АЭС-тер салу туралы сұраққа жауап беру барысында сіз Қазақстанда «Қазатомқадағалау» (шартты атау) құру мәселесі қарастырылып жатқанын айттыңыз. Бұл орган не үшін керек, ол немен айналысады?

 

- Бұл ядролық энергияны пайдалану туралы сұраққа жауап болатын, мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің барлық талаптары сақталса, халықаралық тәжірибеге сәйкес болса, атом энергиясын пайдалану саласындағы өнеркәсіптік қауіпсіздікті қадағалау жөніндегі өз алдына орган болса, атом қондырғыларының қауіпсіздігіне қол жеткізуге болатынын айттым.

Бірінші көзқарас мынадай болды: қазіргі ведомствоның аясында АЭС-тердегі өнеркәсіптік қауіпсіздікпен айналысатын комитет құру. Мен мүдделер қайшылығы себепті ондай болмайды дедім. Біз индустрия министрлігінің құрамына кірмейтін орган болсын деп ұсындық, өйткені ол өз-өзін тексеретін болып шығады ғой.

Бұл орган экология министрлігінде болмаса, кез-келген басқа, мысалы, ТЖ министрлігінде болуға тиіс. Бірақ кез-келген жағдайда ол жеке шығарылған орган болуға тиіс. Сосын, оның міндеті өндіру емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету болады. Ол «Қазатомөнеркәсіптің» кез-келген бөлімшесін тексере алатындай, қажет болса, оқу-жаттығу өткізетіндей, шығыс материалдарының қайдан сатып алынатынын, аталған аймақтың экологиясы бұзылып отырғанына қатысты тексеру жүргізуге құқылы болуға тиіс.

Біздің көзқарасымыз осындай, ол қазір талқыланып жатыр, оны бәрі бірдей қолдап отырған жоқ.

 

- Еліміздің бас экологы ретінде бұрынғы Семей сынақ полигонының жерлерін ауыл шаруашылық айналымға беру мәселесіне қатысты нақты не айтасыз? Көптеген экологтар бұрынғы полигон аумағының әлі де болса радиоактивті қаупі бар, жерлерді ауыл шаруашылығының қажеттіліктеріне беру экологиялық апат тудыруы мүмкін деп есептейді. Бұл тұрғыда қай өкілетті орган қандай жұмыс жүргізді? Қорытындыны кім бағалайды? Тәуелсіз сараптама бар ма?

 

- Бұрынғы Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) үш облыс: Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстарының аумағында орналасқан, аумағы 18500шаршы километрді құрайды.

СЯСП жабылған сәттен бүгінгі күнге дейін қазақстандық ғалымдар халықаралық ғылыми қоғамдастықпен бірлесіп полигондағы және жақын аумақтағы радиациялық жағдайға қатысты көп ақпарат жинады. Радиоактивті ластанған учаскелер, радиоактивті заттардың ағымдағы және әлеуетті таралу жолдары мен механизмдері анықталды.

Ұлттық ядролық орталықтың институттары СЯСП-тағы радиоэкологиялық жағдайды 1994 жылдан бері жоспарлы және тұрақты түрде зерттеп келеді. Ластанған учаскелерді шектеу шаралары қолға алынуда. Үкіметтің қаулысына сәйкес, СЯСП аумағы резервтегі жерлерге жатқызылған, онда ауыл шаруашылық қызметіне тыйым салынған және радиациялық жағдайын терең кешенді зерттеу және белгіленген тәртіппен халық шаруашылығында пайдалануға беру қарастырылған.

Бұрынғы СЯСП проблемаларын шешу шараларының кешені үкімет 2010 жылы бекіткен 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» салалық бағдарламасына жеке блок түрінде енгізілді. Онда бұрынғы СЯСП аумағы мен объектілерін мемлекеттік басқаруды оңтайландыру шаралары және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен қоршаған ортасын қалпына келтіру мәселелері қарастырылған.

Алайда полигонның жерлерін халық шаруашылығының айналымына беру - әлемде болмаған бірегей оқиға, сондықтан бұған сақтықпен қарау керек.

Басты мәселе – бүгінгі күні ядролық қаруды сынау салдарын жою шаралары әлі аяқталған жоқ. Экологиялық кодекстің 215 бабының 5 тармағына және Жер кодексінің 143 бабының 3 тармағына сәйкес, ядролық қару сынақтарының салдарын жою шараларының бәрі аяқталып, кешенді экологиялық зерттеу жүргізіліп, мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысы оң болса, үкімет ядролық қарудың сынақтары жүргізілген жер телімдерін жеке меншікке немесе жер пайдалануға бере алады.

Егер қоғамда бұл мәселе бойынша резонанс болса, халықаралық сарапшыларды тарту арқылы халықаралық сараптама жүргізу керек. Біз бұрынғы полигонның жерлерін халық шаруашылығы айналымына беруге асығып отырған жоқпыз.

ҰЯО мәлімдеуінше, елеулі түрде радиациялық ластанбаған аумақтарды шаруашылық пайдалануға беруге болады. Олай болса, заң бойынша рұқсат, бірақ ядролық қаруды сынау салдарын жою шараларын аяқтап, кешенді экологиялық тексеру жүргізу қажет.

Кез-келген жағдайда экологиялық сараптама жүргізіледі. Экспертизаның оң қорытындысы болмаса, жерлерді беруге рұқсат етпейміз. Экологиялық сараптаманы келесі жылдан бастауымыз мүмкін.

 

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!


adimage