ОҚО басшысы неміс бизнесмендерді өңірде жаңа өндіріс ашуға шақырды

Шымкент. 11 қыркүйек. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов неміс бизнесмендерді өңірде жаңа өндіріс ашуға шақырды, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
«Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Бейбіт Атамқұлов неміс бизнесмендерді Шымкентте 23 қазанда өтетін ІІ халықаралық инвестициялық форумның жұмысына белсенді қатысуға шақырды», - делінген жұма күнгі әкімдік хабарында.
Хабарланғандай, облыс басшысы Қазақстан Республикасындағы Германия елшісі Гидо Херцпен кездесті. Кездесу барысында әкім «аталған қадамның өңірге қомақты инвестициялар тартуға мүмкіндік беретінін» атап өтті.
«Оңтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін, мұнай мен мұнай өнімдерін, тоқыма өнімдерді, құрылыс бұйымдарын өндіруге және өңдеуге, металлургия мен уран өндірісіне маманданған. Оңтүстік Қазақстан мақта талшығы мен трансформатор өндірісінде көшбасшы болып табылады. Облыс аумағында фармпрепараттар мен бензиннің республикалық көлемінің жартысына дерлігі шығарылады. Өңір үлкен өндірістік-экономикалық әлеуетке ие. Біз неміс инвесторлардың қатысуымен жаңа өндірістер ашуға тек қуанышты боламыз», - деп баса айтты Б. Атамқұлов.
Тараптар сондай-ақ екіжақты өзара тиімді ынтымақтастық келешектерін талқылап, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін, жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобаларды қарады. Сонымен қатар ОҚО-ға сапары барысында Германия елшісі «Сарыағаш» курорттық аймағына бас сұғып, өңірде тұратын неміс диаспорасымен кездесті.
Облыстық әкімдіктің мәліметінше, қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында германдық инвесторлардың қатысуымен жалпы сомасы Т52 млрд болатын үш инвестициялық жоба жүзеге асырылуда.

adimage