ОҚО бизнес-делегациясы Оңтүстік Кореяда инвестициялық хабқа қатысу мүмкіндігін талқылады

Шымкент. 16 қараша. ҚазТАГ – Оңтүстік Қазақстан облысының бизнес-делегациясы Оңтүстік Кореяға барып қайтты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбалды бастаған бір топ кәсіпкерлер Оңтүстік Корея мемлекеті мен Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып қайтты. Қазақстаннан барған делегаттардың ішінде өңірден бизнес-құрылымдардың жетекшілері мен «Шымкент» ӘКК-ның өкілдері, «Оңтүстік» индустриялық аймағы басқарушы компаниясы» ЖШС-нің басшылары да бар», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметінен.  
«Оңтүстік қазақстандық делегаттар, ең алдымен, Оңтүстік Кореядағы Чхунчхон-Намдо және Кёнгидо провинцияларының басшылығымен кездесті. Онда өңірлік деңгейде өзара тиімді ынтымақтастық мәселелері талқыланып, Оңтүстік Корея мен біздің облыстың кәсіпкерлерінің инвестициялық жобаларын іске асыруға жағдай жасау жайы және Кенгидо провинциясында құрылған инвестициялық хабқа Оңтүстік Қазақстан облысының қатысуы сөз болды», - деді әкімдікте.
Қазақстандық делегация сапар барысында Оңтүстік Кореядағы агроөнеркәсіп кешендері мен ондағы ірі инновациялық агротехникалық институтты, өнеркәсіптік жылыжайлар мен Еуропалық іскерлік әріптестік орталығын және «Самсунг» корпорациясының мұражайы мен инновациялық кеңсені аралады.
Сондай-ақ, отандық бизнесмендер аталған мемлекетке іскерлік сапар соңында ел астанасы - Сеулде Оңтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылған форум өтіп, оған Оңтүстік Кореяның түрлі экономикалық секторларында қызмет ететін 180 кәсіпкер қатысты. Нәтижесінде, екі ел арасында 11 меморандумға қол қойылды.

adimage